Қоғам

Наурыз дастарқанындағы басты тағам – Наурыз көже

 

Күлшат Бейсенова наурыз көжені 88-ші жылдан бері әзірлеп келеді. Апамыз Ұлыстың ұлы күнін наурыз көжесіз елестету мүмкін емес дейді. Ол әр қыстан соғымның түтінге қақталған сүр етін қалдырып, жылда наурыз көже әзірлейді. Дәмін келтіру үшін жеті түрлі астан бөлек, жарма, көкөніс пен пияз да қосқанды ұнатады.

 

Күлшат Бейсенова, Озерное орта мектебінің мұғалімі, Қызылжар ауданы:

-Наурыз көжені дайындау үшін алдымен тіршілік көзі су болғандықтан біз көженің  негізі ретінде суды аламыз. Осы суға қыстан қалған  сүр еттің, қазы-қарта, жал-жаяны қайнатып пісіргеннен кейін соның сорпасына көже істейміз. Ал манағы пісіп шыққан етті оған турап салып жібереміз. Кейін бидай, бұршақ, күріш, тарының түр-түрінен қосамыз. Оны қосудың да себебі бар. Бір тамырдан тараған ұрпағымыз өсіп, өніп, дәнді дақылдардың дәндері көп болған сияқты біздің де ұрпағымыз көп болсын деген ниетпен осыны ырымдап қосады екен.

 

Кезінде ата-бабамыз ұрпақ пен ағайындардың дені сау болса, араларынан қыл өтпес, тоқшылық пен ырыс құты тасыса екен деген ниетпен наурыз көжеге сүт, айран қосқан. Тек соңында ғана астың дәмін келтіру үшін тұз салатын болған.

Күлшат апай көжеге әркім жеміс-жидек, жарма, сәбіз, пияз қосса өз қалауы, бұл да келген қонағына ризашылығы мен оған ерекше ілтипат көрсетудің бір белгісі дейді.

Бұл күні әркім өз шаңырағына 7 адамды шақырып, сонша үйге қонаққа баруы керек. Және қонақтарынан қолда барынан аянып қалмауы тиіс. Өйткені дастархан толы болса, жыл бойы молшылыққа кенелесің деген ұғым қалыптасқан.

 

Күлшат Бейсенова, Озерное орта мектебінің мұғалімі, Қызылжар ауданы:

– Бала кезімізде Наурыз мерекесі дегенді білген жоқпыз. Тек 1988 жылдан бері ғана шамалап дастархан жайып тойлауды бастадық. Ол кезде күн жылынып, әбден көк шыққан кезде тойлайтынбыз. Ал, қазір қар кетіп, жердің тоңы ерімесе де осы наурыз тойын тойлауды дәстүрге айналдырдық. Мен бұрынғы ата-бабаларымыздың наурызды қалай тойлағанын білу үшін кітаптарды көп ақтарып, біраз мәліметтер жинадым.

 

Күлшат апай – ұлағатты ұстаз. Қызылжар ауданындағы Озерное ОМ-де 32 жылдан бері еңбек етіп жүр. Ол наурыз мерекесін үйде ғана емес, сондай-ақ әріптестері, оқушыларымен атап өтуді дәстүрге айналдырған. Оның бұл ісі өткенге – салауат, келешекке – аманат. Әрдайым ұрпағының, ел-жұртының қамын ойлаған жан. Абзал ана өмірден бар білгені мен көкейге түйгенін қыздары, келіндеріне одан қалды кейінгі ізін басып келе жатқан жас мұғалімдер мен ұрпаққа мұра есебінде үйретіп жүр.

Ұлағатты ұстазын шәкірттері ұмытпайды. Үнемі хал-жағдайын біліп, алғыстарын айтып тұрады. Сол оқушыларының бірі – Мөлдір Шоқақ ұстазының ізін жалғап келеді.

Ұстазы жақсының ұстамы жақсы дегендей осыны көріп өскен кейінгі толқын да ертең жақсы жолға ұмтылары хақ.

Наурыз – ұлт пен ұлыстың басын біріктіретін мереке. Міне осы тойдан Ұлыстың Ұлы күнін тек мұсылман қауымы ғана емес, діні мен ділі бөлек, бірақ ниеті ортақ халықтар да тойлайтынын анық аңғардық. Бұл татулық пен ізгіліктің, молшылық пен жақсылықтың жаршысы.

 

Берік Қасен