Білім

Халықаралық бағдарламалар орталығының мамандары “Болашақ” бағдарламасының шарттары туралы әңгімеледі

 

Альбина Қасенова – «Болашақ» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген жастардың бірі. Бір жыл бойы ол аталмыш жоба бойынша ақпаратты жинап, барлық білген-түйгенін саралап келген. Ал биылдан бері сөзден іске көшіп, қазір құжаттарын жинап жүр. 5 жылдан астам жұмыс өтілі бар Альбина әлі қандай оқу орнын таңдарын білмейді. Десе де, «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алу мүмкіндіктер көкжиегін кеңейтеді дейді жас маман.

 

Альбина Қасенова, № 26 орта мектептің ағылшын пәні мұғалімі:

-Елбасы өз жолдауында 3 тілді білу керек деген мақсат қойды. Мен ағылшын тілі бойынша осы жобаға қатыспақпын. Содан кейін келіп, шәкірттерді шет тілдерін білуге үйретемін. «Болашақ» бағдарламасы сол үшін де маңызды.

 

20 жыл ішінде 10 мыңнан астам қазақстандық жасқа шетелде оқуға мүмкіндік берген бағдарламаға қатысамын деушілер қатары жыл санап артып келеді. Қазірдің өзінде әлемнің мықты деген 200 университетінде 2366 степендиат білім алуда. Халықаралық бағдарламалар орталығының мамандары «Болашақ» бағдарламасының жастарға берері мол дейді. Сондықтан қазір еліміздің барлық аймақтарын аралап, жобаның шарттарын түсіндіру жұмыстарымен айналысып келеді.

 

Жансая Құмарбекова, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ бөлімінің басшысы:

– Біріншіден, шет тілін білу керек. Екіншіден, қазақ тілін меңгеруі қажет. Үшіншіден, психологиялық тест тапсырып, кейін тәуелсіз эксперттік комиссияның собеседованиясынан өту керек.

 

«Болашақ» бағдарламасына қатысамын деушілер наурыздың 3-і мен қазанның 31-і аралығында құжаттар тапсыра алады. Тағы бір айта кетерлігі, биылдан бастап БАҚ өкілдері мен мәдениет саласының қызметкерлері де аталмыш жобаға қатыса алу мүмкіндігіне ие болды.

 

Мағжан Ахмадина