Қоғам

Қымыз – Наурыз дастарқанындағы дәстүрлі сусын

Альбина Сафиева иелігіндегі 3 биені күніне 6 рет сауады екен. Қымыз сиымдылығы 16 литр болатын күбіде сақталады. Ашытуға қойған қымызды тәулігіне мың рет ағаштан жасалған піспемен пісу керек. Отбасы қымыздың литрін көтерме бағамен 500 теңгеден сатады. Сұраныс жақсы дейді.

 

Альбина Сафиева, Березовка селосының тұрғыны:

-Биенің жаңа сауылған сүтін ашыту үшін күн сайын күбінің түбіне 2 литрдей қымыз қалдырамын. Сүт 11 тәулік бойы осы күбіде ашытылады. Таңертең ішін жуып, күбінің ішіндегі микробтарды жою үшін араға күн салып түтінге ыстаймын.

 

Бір қызығы Альбина бұл сусынды өзі татып көрмепті. Қымызды үйінде тек жұбайы Тагир таңертең және кешқұрым 2 кеседен ішіп тұрады.

 

Альбина Сафиева, Березовка селосының тұрғыны:

-Оның пайдасы молынан. Ашық түберкулезді емдейді. Ағзадағы кальцийді арттырады. Бұл жерде сиырдың сүті майлы болса, жылқының сүті адам бойына күш-қуат пен сергектік сезімін береді.

 

Альбина Сафиева қалада өскен. Ауыл жұмысына мүлде араласпапты. Сондықтан ол бәрін көршілері қазақтар мен жұбайынан үйреніпті. Қымызды көне әдіспен ашытады. Бұл істі олар өткен жылдың жазында ғана қолға алған. Жұбайы Тагир ауруға – ем, сауға – қуат, дәрі қымызды қаладан келген делдалдарға көтерме бағамен өткізеді. Пайдасы шаш етектен дейді.

 

Альбина Сафиева, Березовка селосының тұрғыны:

-Бұл оңай істердің бірі деп айтпас едім. Өйткені, 40-45 градус аяз тұрса да таңертең ерте тұрып далада биені міндетті түрде сауу керек. 3 биенің әрбіреуіне 3-еуден жаз бойы 9 арба шүйгін шөп шаптық. 10 тоннадан астам сұлы, кебек сатып алдық.

 

Қазір қыс мезгілі болса да олар 3 биеден айына 300 литрдей қымыз алады. Шаруа иесі Тагир алдағы жылдарда саумалықтың басын көбейтіп, өрісін кеңге жаймақ.

 

Берік Қасен