Қоғам

Петропавл қаласы көктемгі су тасқынына дайындалуда

 

Мамандар мен синоптиктердің пайымдауынша, биыл облыс аумағында қатты су тасқыны күтілмейді. Соңғы мәлімет бойынша Есіл өзені осыдан 7 жыл бұрын ғана арнасынан асыпты. Қазір су қоймасындағы жағдай тұрақты.

 

Қымбат Мергалимова, «Қазгидромет» РММ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Біз облыстағы су қоймаларындағы судың деңгейін 1 наурыздан бақылауға алдық. Болжам бойынша өзен-көлдердің деңгейі 88 пайызға ғана көтерілген. Соған қарағанда су тасқыны тұрғындарды аса мазаламайды деген ойдамыз.

 

Көктем келісімен әсересе Былғары зауыты мен Заречный кентінің тұрғындарының түн ұйқысы төртке бөлінеді. Сондықтан атқарушы билік пен құтқарушылар су тасқыны алда-жалда орын алса, су шайып кеткен жолдарда тәулік бойы жедел жәрдем қызмет атқармақ.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

Осындай кезде ең алдымен біздің сыналар сәтіміз туады. Сондықтан барлығына әрқашан даяр болу үшін баллондарды да әзірлеп қойсақ дұрыс болады. Халық алаңдамау үшін біз қазірден даяр екенімізді оларға көрсетуіміз керек.

 

Биыл су тасқынына қарсы шараларға қала бюджетінен 10 млн теңге бөлінді. Шаһардың ішінде жинақталып қалған қар сыртқа шығарылып жатыр. Қазір жедел құтқару тобы мен арнайы техника да ауа райының тосын құбылысына сақадай сай тұр.

Виктор Держанский, СҚО суда құтқару қызметінің басшысы:

-Қазіргі таңда біздің қызмет 22 техниканы су тасқынына даярлап қойды. Оның ішінде катер, ескіш және моторлы қайықтар да баршылық. Оған қоса 18 суда құтқару жабдықтары, суда сүңгу құрылғысы да бар.

 

Су тасқынына қарсы құрылған жедел штаб отырысында сондай-ақ Петропавл гидроузел бекетінің де төтенше жағдайға 100 пайыз дайын екендігі айтылды. Мамандардың сөзіне қарағанда, соңғы 40 жылда онда ірі апат тіркелмеген. Олар биыл да барлығы тыныш болар деген үмітте.

 

 

Берік Қасен