Қоғам

Көпқабатты үйдің жертөлесін су басуда

Бұл үй осыдан алты жыл бұрын қолданысқа берілген. Баспанаға кіргеннен бері үй тұрғындары жертөлемен алысып келеді. Жамап, жасқады. Бірақ, одан жөнді нәтиже көрген емес. Көктем, күз уақыттарында үйдің астына толған су кетпей тұрады екен.

Тұрғындар баспананың сыртын қалпына келтіру үшін өз қаражаттарын жұмсаған. Енді канализация мен ыстық су жүретін құбыр істен шығайын деп тұр. Ылғи бұзылып қала береді.

 

Галина Гупало, Интернациональная, 30 А үйінің тұрғыны:

Канализация жиі істен шығып қалады. Су жүретін құбырлар дұрыс жасалмаған. Барлық жуынды жертөлеге кетеді. Тұрғындар қабырғалардағы жыртық жерлерді өздері жамады. Олай болмағанда, барлық жағымсыз иіс пәтерлерге көтеріледі.

 

Баян Такееваның бұл үйде тұрып жатқанына үш жылдың жүзі болған. Жертөледен әбден қажыдық деп отыр. Қит етсе, су толып, құбырлар істен шығып жатады.

 

Баян Такеева:

Барлығын қалпына келтіріп алайық деп, барымызды салып жатырмыз. Пәтерлердің іші көгеріп кеткен, балалар жиі ауырады. Үй жақсы ауданда тұр, қатынасқа да ыңғайлы. Бірақ, одан қандай пайда бар, баспанамыз үнемі дымқыл болып тұрады.

 

Баспана тұрғындары мәселелерін айтып, жергілікті билікке шағымданған. Үйдегі жағдайды көруге қала әкімі Төлеген Закариянов пен арнайы комиссия өкілдері келді. Шаһар басшысы үйде апаттық жағдай орын алды деген пікірмен келіспейді. Мамандарға ғимаратты зерттеп, техникалық сараптама жасауды тапсырды.

 

Дәулет Қалиасқаров, Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясының бөлім жетекшісі:

Облыс әкімі аппаратына пәтер иелерінің атынан Интернационал көшесі, 30 үйдің жертөлесін су басты деген шағым түсті. Қала басшысы ғимаратқа техникалық сараптама жасауды тапсырды. Былай қарағанда баспанада сызат, жарықтар көрінбейді. Су да баспаған.

 

Жауапты мамандар нысанның жағдайын сараптап, нақты шешім қабылдамайынша үй тұрғындары жертөлеміз тағы суға тола ма деген үреймен күн кешпек.

 

Дана Ғизатова