Білім

Бастауыш білім беру стандарттары жасалды

Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты уақыт талабын ескере отыра жасалған. Журналистермен кездесуде Білім және ғылым министрлігінің өкілдері аталған құжаттың негізінде оқыту барысын үздіксіз жетілдіру мәселесі қарастырылған дейді. Бағдарламаны жүзеге асыру білімді әрі бәсекеге қабілетті түлекті тәрбиелеп шығаруға мүмкіндік береді.

 

Сағат Нүрпейісов, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры, Көкшетау қаласы:

-Бүгінде орта білім беруді жүйелі түрде жаңарту қажет. Яғни, оқушылардың бойындағы қабілеттерді 21 ғасырдың талабына сай дамыта білу керек. Олар: сыни тұрғыда ойлау, бейімделу, білмекке құмарлық, мәселелерді шеше білу, сондай-ақ, өз ойыңдағыны жазбаша және ауызша түрде сауатты жеткізу.

 

Ол үшін жобаны әзірлеушілер тілді оқытуды жаңа оқу бағдарламалары бойынша енгізуді жоспарлауда. Сонымен қатар, “Ғылымға кіріспе”, “Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар”, “Өнер” сияқты пәндер оқытылмақ. Ал, “Әлемді тану” пәні жаңа беделге ие болады.

 

Махаббат Тасболатова, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі, Көкшетау қаласы:

-Аталған пәннің негізінде тарих, география мен қоғам қамтылған. Бұл сабақ оқушының адам мен қоғам туралы танымы мен түсінігін қалыптастырады.

 

Жиында журналистер оқушылардың білімін сыни тұрғыда бағалау жүйесін енгізу жайын сұрастырды.

 

Людмила Красникова, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі, Көкшетау қаласы:

-Бір қуантарлығы, әрбір ата-ана мен оқушы осы тоқсанға белгіленген міндеттерді біледі және әрбір үш апта сайын ата-ана оның қорытындысы жайлы хабардар болып отырады. Бұл өз кезегінде мұғалімге оқушының даму бағытын тағы бір айқындап алуға көмектеседі.

 

Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының жобасын еліміздің педагогтары талқылап болды. Енді, оны ата-аналар мен білім беру саласының қызметкерлері қарастыруда.

 

Данаш Хамзина