Қоғам

21 наурыз – Халықаралық қуыршақшылар күні

 

Қуыршақ театрының залы әдеттегідей кішкентай көрермендерге лық толы. Бұл жолы өнер ұжымы “Ты, я и кукольник” шағын көрінісін тамашалауға мүгедек, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік аз қамтылған жанұялардың балаларын шақырыпты.

Оқиға желісі бойынша басында кук пен кука есімді екі қуыршақтың арасынан қыл өтпейтін достығы жайлы тақырып қозғалады. Күндердің күнінде айрылмас достардың арасына сызат түседі.

Балалармен бірге 20 минуттық қойылымды облыс әкімі Самат Ескендіров те тамашалады. Осыдан кейін ол театр ұжымына ықылас гүлін табыс етті. Айтулы күні көп жыл бойы осы салаға саналы ғұмырын арнап жүрген әртістердің еңбегі еленді. Солардың бірі – декоратор Светлана Шкапенко. Ол осы салада 10 жыл жұмыс істейді.

 

Светлана Шкапенко, СҚО қуыршақ театрының суретші-декораторы:

-Мен қуыршақтарға жай ғана мата не ойыншық ретінде қарамаймын. Қуыршақтар менің балаларым сияқты. Мен айтулы күнмен барлық қуыршақ театрының ұжымын шын жүректен құттықтаймын. Олар барлық алғыс марапаттарға лайық. Өйткені, олар өз ісіне шығармашылық көзқараспен қарап, кішкентай көрермендерге бар жылулықтарын беруге тырысып жатады.

 

Бұл күні 80-ге жуық бала да ерекше ықыласқа ие болды. Оларға облыс әкімі Самат Ескендіров естелікке жұмсақ ойыншықтар үлестірді.

Халықаралық қуыршақшылар күні 2003 жылдан бері ресми түрде аталып келеді. Алайда, біздің өңірдегі қуыршақ театры оны биыл ғана тойлауда.

 

Берік Қасен