Білім

ҰБТ-ге дайындық мәселелері талқыланды

 

Биылғы жылы мектеп бітіретін түлектер саны 4127 адамды құрайды. Бүгінгі күні олардың 80 пайызы ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш білдірген. Ол әлі өсуі мүмкін. Себебі білім басқармасында жылдағы дәстүр бойынша “Түлек” базасы қалыптасыпты. Ол наурыздың 10-нан сәуірдің 25-не дейін жұмыс істемек. Мұнда 11 сыныпты тәмамдайтын әр оқушы өз өтінімін қалдыра алады.

 

Валентина Черных, СҚО білім басқармасының бөлім жетекшісі:

-Бүгінгі күні сынама тестілеуден мектеп бітіруші түлектер орта есеппен 74,7 балдан жинауда. Ол өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткішпен тең. Биылғы жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуге енгізілген ешқандай өзгешелік жоқ. Жоғары оқу орындарына түсу үшін түлектердің әрқайсысы қажетті ұпайдың ең төменгі 50 балын жинауы тиіс.

 

Өткен жылы ұлттық бірыңғай тест тапсырудан өңіріміздегі аудандар арасында аққайыңдақтар көш бастаған болатын. Олардың орташа ұпайлары 84,2 құраған. Биыл да сол межеден көрінуге дәмелі.

 

Рашит Қанапиянов, Аққайың аудандық білім бөлімінің жетекшісі:

-Былтырғы жылы орташа ұпайымыз 84,2 пайызды құрады. Биыл 147 оқушы мектепті тәмамдамақ. Қазіргі күні олардың 74 пайызы ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш білдірді. Қазір солармен күнбе күн дайындық жұмыстарын өткізудеміз.

 

Өңіріміз биылғы жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуден де жоғары көрсеткішке қол жеткізулері керек. Бұл ретте қазір білім басқармасы мектеп бітіруші түлектерге арнап онлайн-режимдегі шеберлік сағаттарын өткізу кестесін құрған.

 

Шолпан Қаринова, СҚО білім басқармасының жетекшісі:

-Бүгінге дейін 25 даярлық сағаттарының 18 бойынша сабақтар өткізілді. Ол қазақ, орыс тілдері, биология, Қазақстан тарихы, математика мен физика пәндері бойынша жүргізілуде. Дәрістерді өңіріміздің білікті деген ұстаздары оқиды.

 

ҰБТ бойынша әзірге белгіленген облыстық орташа көрсеткіш 74,7 пайызды құрайды. Бұл ретте Аққайың мен Ақжар аудандары түлектері сынама тестілеуде 82 пайыздан ұпай жинап, көш бастаса, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, Тимирязев, Мамлют аудандарының көрсеткіштері облыстық орташа деңгейден де төмен. Биылғы түлектердің 129-ы –  “Алтын белгі”, 94-і үздік үлгідегі аттестатқа үміткер. Жиынды қорытындылаған облыс әкімнің орынбасары Фархад Қуанғанов балаларды ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлықты ширату керектігін міндеттеді жауапты тұлғаларға. Арқаны кеңге салуға болмайды, себебі оқу жылының аяқталуына аз уақыт қалды.

 

Самат Есмағи