Құқық қорғау органдары

Шекаралас аймақтар есірткі бизнесіне қарсы бірлесе күреседі

 

Есірткімен күрес бүгінде барша адамзат баласының бас ауруына айналды. Ол тек Қазақстан ғана емес әлемнің өзге елдерінде де етек жайып келеді. Сондықтан онымен қоғам болып күресуіміз керек. Оны уақыттың өзі дәлелдеп отыр деп атап көрсетті жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов .

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

-Біз өз тарапымыздан мұндай игі бастамаларды құптаймыз-қолдаймыз. Оның қоғам дертіне айналған нашақорлық, есірткі бизнесімен күрес жүргізуде өзектілігі жоғары. Бұл тұрғыда екі жақты тиімді жұмыс атқаратынымызға сенім мол.

 

Солтүстік Қазақстан Ресейдің Омбы, Қорған, Түмен облыстарымен шекаралас. Бұл ретте екі мемлекеттің құқық қорғау органдары еліміз бен Ресей Федерациясының ішкі істер министрліктері арасында есірткі бизнесімен бірлесіп күресу туралы 2007 жылы бекітілген келісім бойынша жұмыс істеп келеді. Нәтижесіз де емес. Өткен жылы облыс көлемінде есірткі тасымалына байланысты 9 факті тіркелген. Заңсыз айналымнан тәркіленген түрлі наркотиктік заттардың салмағы 150 келі болса, оның 5 келіден астамын героин құраған. Бұл сандар ішкі істер департаменті басшысының бірінші орынбасары Думан Таевтың хабарламасында көрініс тапты.

 

Думан Таев, СҚО ІІД бастығының бірінші орынбасары:

-Біздің облысымыз Ресей Федерациясының бірнеше өңірлерімен шектеседі. Өткен жылғы есірткі бизнесіне қатысты фактіларді сараптайтын болсақ есірткі тасымалының төртеуі автобус, біреуі жеңіл көлік, үшеуі темір жол арқылы, біреуі шекараны жаяу кесіп өту арқылы жасалған. Бұл ретте екі жақты бақылауды күшейтсек қыруар заңбұзушылыққа тосқауыл қоямыз деп ойлаймын.

 

Саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Бүгінгі күні есірткі қылмыстарын анықтау, жолын кесу және заңсыз айналымнан алуда мемлекеттердің күш салысуын мейлінше арттыру қажет. Себебі бүгінде батыстан шығысқа, оңтүстіктен солтүстікке контрабандалық жолмен есірткі жеткізуде Ресей мен Қазақстан транзиттік дәлізге айналып отыр. Оған тосқауыл қоюда шекаралас ынтымақтастықты нығайту артықтық етпейді дейді ресейлік құқыққорғаушылар.

 

Владимир Викторов,есірткіні бақылау қызметі федералдық басқармасы бастығының орынбасары, Омбы облысы:

-Есірткімен күрес бүгінде бізде де, сіздерде де өткір. Бұл тұрғыда бірлесіп шешер мәселелер ауқымды. Оны осындай кездесулер арқылы тарқатуымыз керек. Алда қандайда бір қылмыстың бетін ашуда жедел алдын алу шараларын бірлесіп атқаратын болсақ одан екі елге де пайда болады деп ойлаймыз.

 

Алқа отырысында екі мемлекеттің құқыққорғау саласы мамандары арасында басқа да қылмыстарды ашу тұрғысында өзара ықпалдастық туралы да ой қозғалды. Жиын Солтүстік Қазақстан, Омбы, Түмен, Қорған облыстарының ішкі істер органдары арасында өзара ынтымақтастық туралы төрт жақты меморандумға қол қоюмен аяқталды.

 

Самат Есмағи