ТЖ

Құтқарушылар көктемгі су тасқынына дайындалып жатыр

 

Төтенше жағдайлар департаменті мен қалалық әкімдіктің мамандары тасқын су төніп тұрған жерлерді аралап, рейд жұмыстарын жүргізуде. Егер Есіл өзені тасыса, Заречный шағын ауданы су астында қалуы мүмкін. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында қазір мұнда басқыштар мен шамдар орнатылуда. Петропавлда осындай 6 қауіпті аймақ бар. Олар: Былғары зауыты, Бензострой, Қапай, Ойқала аудандары мен Жұмысшы және Заречный кенттері. Еріген қар суы ассенизаторлық машиналармен және стационарлық электрсорғыштардың көмегімен сыртқа шығарылады. Қазір қалада 6 насостық станция жұмыс істеп тұр. Тағы екеуі Береке кентінде жақын арада іске қосылады.

 

Сермағамбет Құтұшев, Петропавл қаласы ТКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

-Біздегі суағарларды бұрумен айналысатын кәсіпорында қажетті техника бар. Жұмыс күші жеткілікті. Су деңгейі аса көтерілмейді деп ойлаймын.

 

Қазір Петропавлда ашық суағарлар тазартылып, коммуналдық қызметтер қарды сыртқа шығаруда.

 

Сермағамбет Құтұшев, Петропавл қаласы ТКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

-Есіл өзенінің арнасындағы қардың мөлшері шамалы. Барлығы ақ ұлпаның еруіне байланысты. Егер салқын күндер жиі болса, су аса жайылмайды.

Төтенше жағдай орын ала қалса, 109 нөмірі бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызметке хабарласуға болады.

 

Данаш Хамзина