Қоғам

Көпқабатты үйлердің 36-сына жылу толық мөлшерде жетпей қалды

 

Талапқа сай, жылу желілеріндегі 1 текше дециметр судың құрамындағы еріген газдың мөлшері 20 микрограмм шамасында болуы керек. Алайда, облыс орталығында орын алған жағдайда оның көлемі еселеп артқан. Анығына келсек, газ суда ерімей, бөлек көпіршіктер түрінде жиналып, көпқабатты үйлерді жылумен қамтамасыз етуге кедергісін келтірген. Үстіңгі қабаттарға жылудың жетпеуіне байланысты соңғы күндері жылумен қамтамасыз етуші мекемеге 100-ге тарта арыз түскен.

 

Александр Захарьян, “Петропавл жылу жүйелері” ЖШС бас инженері:

-Бұл тосын жағдайдың пайда болу себептерін дәл қазір айтуға қиынсынып отырмын. Өйткені бұрын-соңды мұндай келеңсіздік орын алған емес. Қазір ауа көпіршіктерінің пайда болу табиғатын анықтау шаралары жүріп жатыр. Дегенмен, облыс орталығындағы бірде-бір зертхана бұл газдың қайдан туындағанын саралай алмайтындарын айтуда.

 

Дегенмен, қаладағы көпқабатты үйлерді жылусыз қалдырмау үшін “Петропавл жылу желілері” ЖШС келеңсіздік орын алған алғашқы күннен шұғыл шараларды қолға алыпты. 17 бірдей бригада үйлерді аралап, жылу құбырларында қордаланып қалған газды босатқан. Бастапқыда мәселе негізінен 9 қабатты үйлерде туындаса, өткен сенбіде тіпті бесқабатты баспана тұрғындары да ауаның жиналуы салдарынан, жылудан қағылғандарын хабарлапты.

 

Александр Захарьян, “Петропавл жылу жүйелері” ЖШС бас инженері:

 

-Тұрғындарды жылумен барынша қамту үшін, біз Петропавл екінші жылу орталығынан көрсеткіштерді арттыруды сұрадық. Мысалы, күндізгі ауа температурасы 0 градус шамасында болса, үйлерге келетін жылу -10 градус аяздағыдай көрсеткіште берілді. Жылу құбырларындағы қысым да аяз күндердегі есеппен белгіленді.

 

Қазіргі уақытта әлі де жылудан қағылып отырған 10 шақты баспана бар. Жөндеу бригадалары жұмыстарын доғарар емес, газды құбырлардан шығару тәулік бойы жүзеге асуда. Қызмет көрсетуші компания жылуды қайта есептеу арнайы қондырғылары бар баспаналар үшін көрсеткіштерге сай, ал өзгелеріне орташа норматив бойынша жүргізілетінін хабарлайды. Бірақ ол үшін “Петропавл жылу жүйелері” ЖШС-не тұрғындар тарапынан тиісті арыз жолдануы қажет.

 

Гүлмира Шоқтыбаева