Қоғам

Сыбайлас жемқорлыққа жол берген шенеуніктер қызметтерінен босатылуы тиіс

 

 

Бұл жолы тәртіптік кеңестің отырысында 5 іс қаралуда. Олардың барлығы бармақ басты көз қыстыға жол беретін ереже бұзушылықтар. Орын алған заң бұзушылықтардың дені мемлекеттік сатып алуларға қатысты. Ақжар ауданының Ленинградское ауылдық округының әкімі Хабдулла Ысқақов ауылдағы балалар алаңқайын жөндеу үшін мердігермен келісім жасасқан. Алайда, құжат пен жұмыстарды орындау мерзімінде қарама-қайшылықтар молынан.

 

Арман Құсанов, СҚО прокурорының көмекшісі:

-2013 жылғы қаңтардың 27-інде округ әкімінің аппараты атқарылған жұмыс актісін қабылдап, сол күні мердігерге ақша аударған. Алайда, прокурорлық тексеріс кезінде жөндеудің жүргізілмегені анықталды.

 

Хабдулла Ысқақов бұндай әрекетке қаржыны игермегендіктен барғанын айтып, өз кінәсін мойындап отыр.

 

Хабдулла Ысқақов, Ленинград ауылдық округының әкімі Ақжар ауданы:

-Қаржыны игере алмаған себептен заңбұзушылыққа жол бердім. Бірақ, ақшаны аударған кезде “Сұңқар” ЖШС балалардың ойын алаңқайына арнап мүсіндерді жасап қойған болатын.

 

Тәртіптік кеңес мүшелері бір ауыздан әкімді қызметінен босату керек деген тоқтамға келіп, өз ұсыныстарын жасады.

Сондай-ақ, Жамбыл ауданы Преснов селолық округы әкімі аппаратының есепшісі Айжан Быламбаеваға қатысты іс те қаралды. Мемлекеттік мекемені тексерген прокурорлар мемлекеттік сатып алуларда бірқатар олқылықтардың бетін ашыпты.

 

Шоқан Кұлданов, Жамбыл ауданының прокуроры:

-40 орындық сатып алу туралы байқау жарияланғанымен, іс жүзінде 20 орындық алынған, қалған қаражатқа 2 үстел мен флешкарталар сатып алыныпты.

 

Айжан Быламбаева да бюджет қаржысын уақытылы игере алмағанын айтып ақталуда. Бұл азаматқа қатысты қызметіне толық сай емес деген ұсыныс жасалатын болды. Өзге екі істі қараған тәртіптік кеңес мүшелері заңбұзушыларға тиісті шараларды қолдану керектігін ұйғарды. Тағы бір іс келесі отырыста қаралмақшы.

 

Гүлмира Шоқтыбаева

 

Хабдулла Ысқақов бұндай әрекетке қаржыны игермегендіктен барғанын айтып, өз кінәсін мойындап отыр.