Қоғам

Солтүстікқазақстандықтардың өмір деңгейі артып келеді

 

Жыл басынан 22 млрд. теңгенің өнеркәсіптік өнімі шығарылса, соның 66 пайызы – өңдеу саласына тиесілі. Оның үштен екісін азық-түлік, 22 пайызын машина жасау өндірісі құрайды. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі қаңтар-ақпан айларында 9 жарым млрд. теңгеге жеткен. Өңірде 59 нысанның құрылысы аяқталды. Оның 33-і – баспана. Пайдалануға берілген тұрғын жайдың аумағы – 6 928 шаршы метр. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 4 есеге көп.

Баспана құрылысына құйылған инвестициялық қаржы да аз емес. Ол 440,3 млн. теңгені құрап, былтырғы қаңтар мен ақпан айларына қарағанда 5 есеге асты. Аудандар арасында баспана салудан ақжарлықтар алда. Ондағы көрсеткіш – 1 137 шаршы метр.

Статистика департаменті басшысының орынбасары Гүлзиян Ізбасова көтерме сауданың да өскенін айта келіп, өңірдегі азық-түліктің бағасы жайлы баяндады.

 

Гүлзиян Ізбасова, СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

-Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында облыс бойынша инфляция деңгейі 2,3 пайызды құрады. Азық-түліктің 2,3 пайызға, тағамдық емес тауарлардың 2,7 пайызға өскенін байқады. Соның ішінде тұрмыстық заттар, киім-кешек, тазалау мен жеке бастың күтіміне арналған тауарлар, фармацевтикалық өнімдер қымбаттады. Қызмет көрсету құны да 1,9 пайызға көтерілді.

 

Солтүстікқазақстандықтардың орташа жалақысы биыл 3,4 пайызға өсіп, 71 830 теңгені құраса да республикалық көрсеткіштен 30 пайызға төмен екен.

 

Гүлзиян Ізбасова, СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

-Өңірде ең жоғары жалақы ақпарат және байланыс кәсіпорындарында. Олардағы айлық 126 мың теңгеден асады. Қаржылық және сақтандыру саласындағы еңбекақы да жаман емес – 103 мың 800 теңге. Бұл орташа облыстық көрсеткіштен 1,8 және 1,4 есеге басым. Ал, ең төмен жалақы – 50 мың теңге ойын-сауық орындарында жұмыс істейтін азаматтардыкі.

 

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының халқы 575 мың 400 адамды құрап отыр. Жыл басынан бері өңірде 600-ден астам сәби дүниеге келді.

 

Данаш Хамзина