Қоғам

Петропавлда “Кеңес орталығы” жұмысын жаңғыртты

 

 

«Кеңес орталығы» әсіресе жастардың мүддесі үшін өткен жылдың 8 тамызында ашылған. Мұнда олар өздерін көбірек толғандыратын жұмысқа тұру, үй алу, кәсіп ашуға қатысты сұрақтарына тұшымды жауап ала алады.

 

Сабина Жакупова, «Кеңес орталығының» үйлестірушісі:

-Күн сайын әр түрлі саланың мамандары келіп, жастарға осында кеңес береді. Біздің жастар мемлекттік бағдарламаларды нақтырақ білмейді. Сондықтан осындай орталық жастар үшін ұйымдастырылған. Жастарға даму қорының қызметкерлері, сондай-ақ салық басқармасының өкілдері, мәслихат депутаттары, жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері күн сайын көмек көрсетеді.

 

Алина Гайнуллина биыл СҚМУ-ді тәмамдайды. Сондықтан оны жұмысқа тұру мәселесі толғандырады екен. Оның бұл сұрағына бүгін қалалық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары жауап берді.

 

Алина Гайнуллина, СҚМУ студенті:

-Мұнда маған “Жастар тәжірибесі” деген мемлекеттік бағдарламаның мүмкіншіліктері айтылды. Ол жобада кез-келген студенттің мамандығы бойынша уақытша таңдаған мекемесіне орналасып, жарты жыл тәжірибе жинақтап алуына болады екен. Бұдан кейін жұмыс беруші заң бойынша бос орынға бізді жұмысқа алуға міндеттеледі.

 

Динара Баширова, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ агенті:

-Баспана туралы мәселе қазір үйлері жоқ тұрғындарды көп мазалайды. Олар бізден қанша қаражат құю керектігі туралы көп сұрайды. Кейбіреулері біздің көрсететін қызмет түрлеріне көңілдері толса, осы жерде келісім-шарт жасаймыз. Әрі қарай барлығы заң бойынша.

 

Мұндай орталықтың ашылуына «Жас Отан» ЖҚ белсенділері мұрындық болған. Орталық келушілерді аптаның алты күнінде қабылдайды.

 

Берік Қасен