Қоғам

Наурыз мейрамын тойлау бағдарламасы ауқымды

 

 

Өңірде көктемнің шуақты мерекесі әз -Наурызға дайындық басталып кетті. Ұлыстың ұлы күнін халық ерекше ықыласпен қарсы алмақ. Мейрамға өңірдегі барлық мекемелер ат салысады.

 

Әлия Бисенова, Петропавл қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:

-Наурыздың 21-і күні М. Жұмабаев көшесінің басты сахналық алаңында әндер шырқалады. Кейін облыс әкімі барлық өңір тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтап, игі тілегін білдірмек. Түске қарай қалалық мәдениет үйі мен облыс аудандарының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен мерекелік бағдарламалар өтетін болады.

 

Ал келесі күні “Этноауыл” алаңы жұмыс жасамақ. Онда Қазақстан халқының салт-дәстүрлері мен тұрмысы жұртшылық назарына ұсынылады. Оған қоса алаңда қала тұрғындары мен қонақтары Наурыз көже, бауырсақ пен палаудан дәм татпақ.

 

Әлия Бисенова, Петропавл қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:

-Наурыздың 22-сі мерекелік сауда, түрлі байқаулар, ұлттық спорт түрлерінен жарыс, музыкалық ойындар мен концерттік бағдарламалар болады. Ал түстен кейін асхана өнерінің шеберлері арасында фестиваль ұйымдастырылады.

 

Наурыз мейрамының соңғы күні мәдениет және демалыс саябағында балаларға арналған концерт өткізіледі. Жалпы Ұлыстың Ұлы күнін қала қонақтары мен тұрғындарының көңілді өткізулері үшін бар жағдай жасалмақ.

 

Бақыт Сәдуақасов