Қоғам

Сыбайлас жемқорлық көріністеріне нөлдік төзімділік

 

 

Жемқорлық қоғамды жайлап бара жатқан індет. Парақорлықпен әлеумет болып күресу керек. Мұны мына залға жиналған мемлекеттік қызметкерлер жақсы біледі. Былтыр жемқорлық құқық бұзушылыққа 23 мемлекеттік қызметкер жол берген. Бұл 2012 жылғымен салыстырғанда 22 пайызға төмендегендігін көрсетеді.

Өткен 2013 жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты өңірлік қаржы полициясы 46 қылмысты тіркепті.

Сөйтіп, бармақ басты, көз қыстылыққа жол берген бірнеше лауазымды тұлға жұмысынан босатылды. Бас бостандығынан айырылғандары да бар. Шал ақын ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің бұрынғы басшысы Сайлау Ғабдуллин жеке кәсіпкерден 21 мың теңге пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Бұндай қылмыстар жайында жиналғандарға өңірлік қаржы полиция қызметкерлері видеоролик көрсетті.

Ағымдағы жылы жемқорлыққа қатысты 29 қылмыс тіркелсе, оның 21-і екі айдың ішінде болған. Қаржы полицейлері қоғамды жайлаған індетпен әлеумет болып күресуді ұсынды.

 

Расул Мұстафин, СҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментi басшысының орынбасары:

– 2012 жылдан бастап бармақ басты көз қыстылыққа жол берген тұлғаларды жайында хабар беретін 144 сенім нөмері жұмыс істейді. Өткен жылы 3 тұлға пара алу немесе пара беру туралы құлағдар етті. жемқорлық фактісі туралы ақпарат берген азаматтардың құқықтары қорғалатынына мемлекет кепілдік береді.

 

Жемқорлыққа жол бермеуге “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының жанынан құрылған қоғамдық кеңес те өз үлесін қосып келеді.

 

Сайран Хамзин, “Нұр Отан” партиясы СҚОФ жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Облыстық басқармалар және департаменттермен жемқорлықпен күрес жайында жылдық іс-шаралардың жоспары жасалады. Оның көбісі жыл сайын қайталанады. Тек уақыты мен болатын жері ауыстырылып отырады. Өкініштісі осы жоспарлардың барлығы іс жүзінде емес, қағаз жүзінде болып отыр. Сондықтан бұны бақылауға алу керек деп ойлаймын.

 

Мемлекеттік орган қызметкерлері жемқорлықпен күрес жайында атқарылған жұмысты таразылағаннан кейін семинар-кеңеске қатысушылар өз сұрақтарын қойып, жауап ала алды.

 

Бану Ахметова