Билік

Құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы

Өңірдегі қоғамдық тәртіп жайында облыстық ІІД басшысы Ахан Қажкенов баяндады. Бұл бағытта өткен жылдың қорытындысы бойынша оң нәтижелер бар. Мәселен, ауыр қылмыстар 6 пайызға азайып, аса ауырларының саны 28 пайызға кеміген.

 

Ахан Қажкенов, СҚО ішкі істер департаментінің басшысы:

-Қарақшылық 47,5 пайызға азайды. Кісі өлтіру мен бопсалаушылық та қысқарды. Бұрын сотты болғандар мен жасөспірімдер тарапынан және қару қолдану арқылы жасалатын қылмыстар қатары да сиреді деп айтуға болады. Біз республикада қылмыстарды ашу бойынша алдыңғы орында тұрмыз. Бұл көрсеткіш ауыр және аса ауыр түрлері бойынша 64 пен 86 пайызды құрап отыр.

 

Қылмыстардың көбін бұрын сотты болғандар мен мас адамдардың жасайтыны жасырын емес. Олар тәртіп сақшыларының ерекше бақылауында. Бүгінде облыс бойынша 6 мыңнан астам маскүнем тіркелген. Нашақорлар да аз емес. Олардың саны – 400. Жасөспірімдердің жүріс-тұрысы да қатаң қадағалауда. Олардың арасындағы заңбұзушыықтың алдын алу мақсатында ойын-сауық орындарында рейдтік шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Нәтижесінде, мұндай қылмыстардың қатары өткен жылы 40 пайызға азайыпты.

Отырыста облыс орталығындағы бейнекамералардың аздығы да айтылды. Бүгінде Петропавлда мұндай 74 құрылғы бар екен. Тиімділігімен танылған бейнекамералар алдағы уақытта көбейтілмек. Осы орайда Самат Ескендіров қоғамдық тәртіпті қадағалауды бәсеңсітпеу қажеттігін атап өтті.

 

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тұрақтылық пен құқықтық тәртіптің тығыз байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет. Сіз айтып өткен мәселелер бұған дейінгі кездесулерде қозғалды. Мүмкіндігінше, бюджеттен қаржы қарастырылады. Бірақ, ақшаны талап етпейтін тұстарына қоғамды тарту қажет. Аудан әкімдеріне бұл бағытта тапсырмалар беріледі.

 

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде және заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар жайында Тимирязев және Шал ақын аудандарының әкімдері де есеп берді. Алғашқысында жасөспірімдер жасайтын қылмыстардың саны, тіпті, 75 пайызға азайған. Аудан әкімі Еркін Базарханов балалардың уақытын тиімді өткізіп, спортпен айналысуына ерекше көңіл бөлеміз деді. Есесіне, ұрлық азаймай отыр. Осы орайда Еркін Базарханов ауданда 3 бейнекамераның орнатылғанын, тағы 2-уі қойылатынын айтып еді, Самат Ескендіров  қанша дегенмен 5-6 камерамен бар жағдайды қадағалау мүмкін емес деді.

Ал, Шал ақын ауданында жыл басынан бері барлығы 242 қылмыс тіркелген.

 

Марат Омаров, Шал ақын ауданының әкімі:

-2012 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өсім 6,8 пайызды құрады. Қылмысты ашу жағы да 75 пайызға дейін төмендеді. Бір жағымдысы, осы аралықта өте ауыр қылмыс орын алған жоқ.

 

Жиын соңында Самат Ескендіров қоғамдық тәртіпті қадағалау мен тұрақтылықты қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ, құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мүшелігіне “Жас Отан” ЖҚ өкілдерін де қосу туралы ұсыныс түсті.

 

Данаш Хамзина