Қоғам

Петропавл қаласының тұрғыны Бикамал Мұржықова 114 жасқа толды

 

Бикамал Мұржықова 1900-ші жылдың 13-ші наурызында туған. Жастайынан еңбекке ерте араласып, ешқандай да жұмысты бөліп жармаған. 17 жасында тұрмысқа шығып, талай армандарды алға қойса да, сұм соғыстың кесапаты ерлі-зайыптыларды екіге айырыпты. Әлі күнге дейін өткен өмірін кейде көз жасымен еске алады.

 

Бикамал Мұржықова:

-Біздің заманымызда мұндайды көргеніміз жоқ қой, балалар болды, ең алғашқы шалым соғысқа кетті, екі баламмен өзім қалдым. Оның бұрынғы әйелінен бір бала қалды жетім. Соларды үйімізбен, малымызбен, жанымызбен қалдық. Бізге онда кім қожа емес, бәрі қожа. Қайда болса сонда айдайды, қайда болса сонда барамыз, балалар қалады, сөйтіп күн көрдік. Совхоз уақыты ғой, сиыр саудым, масақ тердім, сыпырдым, балаларға тамақ керек қой.

 

Бүгінде Бикамал апа немере, шөберелерінің арасында ақ жаулықты әже, ұл-қыздарына аяулы ана болып отырған жайы бар. Ол 114 жасты ең алдымен Алланың берген сыйы деп біледі, одан кейін жастайынан істеген еңбектің арқасы дейді.

Бикамал апа бүгінгі күні Назбек есімді кенже немересінің қолында тұрады. Назбек пен Алтынгүлдің ұл-қыздары, яғни кейуананың шөберелері Шамшырақ пен Жандос әжелерінің қызығына айналып отыр.