Денсаулық сақтау

Медколледжде мамандықтар таныстырылды

 

Мектеп бітіруші әрбір талапкер мамандығын дұрыс таңдаса, келешегін жарқын еткені. Медициналық колледж қабырғасында 6 түрлі мамандықты игеріп жүрген студенттер мектеп бітірушілерге фельдшер, мейірбике ісінің маңыздылығын түсіндіріп жатыр. Галианұр Бапанов болашақта тіс дәрігері болғысы келеді.

 

Галианұр Бапанов, Қожаберген жырау атындағы №6 мектеп оқушысы:

-Маған мұнда форумда ұсынылған мамандықтар  ұнап жатыр. Әрбір медициналық мамандық туралы бөлек тақырыптар қозғалды. Болашақта медицина ғылымына бір үлесімді қосамын деп ойлаймын.

 

Меңсұлу Ерсайынова да дәрігер болсам дейді. Қазір нарықта медицина саласының мамандары тапшы. Дәрігерлерге мемлекеттің де қолдауы күшті болып тұр. Оның үстіне Меңсұлу адамдарды емдеу өзіме ұнайды дейді.

 

Меңсұлу Ерсайынова, Қожаберген жырау атындағы №6 мектеп оқушысы:

-Бізде қазір Қазақстанға ең керекті мамандықтардың бірі дәрігер деп ойлаймын. Сондықтан мен қазіргі мектеп қабырғасынан бастап, биология мен қазақ тілі пәндерін тереңдетіп оқып жатырмын. Өйткен, мединаға жетік білу керек.

 

Колледж әкімшілігі форумға келген 200-ге жуық оқушының барлығын медицина саласына тартып жатқан жоқ. Тек жастар мамандық таңдауда адаспаса деген ойда.

 

Ғалия Исамалинова, Солтүстік Қазақстан медициналық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

-Форумның мақсаты медициналық колледждің өмірі, тынысы мен осы қабырғада берілетін мамандықтар туралы ақпарат беру. Мұнда биылғы оқу жылын бітіретін мектеп түлектері келген. Және ауылдық жерлерден де біраз балалар қамтылған. Қазір республика бойынша 8 медициналық мамандық даярланса, соның 6-уы біздің колледжде. Ол мейірбике ісі, фармация, лабораториялық зертхана. Мектеп оқушылары үшін мамандық таңдау деген өте қиын мәселе. Сондықтан біз осы форумда талапкерлерге дұрыс бағыт-бағдар беру арқылы, жанына жақын мамандықтарын жазбай тануына өз үлесімізді қосып көреміз.

 

84 жылдық тарихы бар оқу ордасынан 19 мыңға жуық түлек қанат қаққан. Олардың барлығы қазір медицина саласында жемісті еңбек етуде.

 

Берік Қасен