Қоғам

Көктемгі су тасқынына техниканың дайындығы тексерілді

 

«Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар» кәсіпорнындағы мына қаз қатар тізілген техникалар су тасқынына сақадай сай. Күн күрт жылынып, қардың көбесі сөгіле қалса, тез арада көмек көрсетуге дайын. Ал, мына «Урал» базасындағы бу қондырғысы қазіргі күні қатып қалған суағарлардағы мұзды ерітуде таптырмас темір тұлпар.

Биылғы қыс қарға сараң болған жоқ. Дегенмен өткен жылға қарағанда ақ ұлпа азырақ түскен. Бірақ, күн күрт жылынса, су тасқыны болуы ғажап емес. Сондықтан қалалық әкімдіктің жанынан осы жұмыстарға жедел арнайы штаб құрылып, жергілікті бюджеттен шамамен 14 млн теңге бөлініп отыр. Бұл қаражат былтырғыға қарағанда 3 млн теңгеге артық.

 

Данияр Сапаров, қалалық әкімдіктің ТЖ бойынша бас маманы:

– Су тасқынына байланысты техникалардың дайындығын бақылап, тексеріп жатырмыз. Барлық Петропавлдағы көшелерге қалалық әкімдіктегі құрылымдық бөлімшілердің басшылары бекітілді. Және шаһар тұрғындары мен кәсіпкерлерге осы жұмысқа қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізлуде.

 

Бүгінгі күні қаладан 380 текше метр қар сыртқа шығарылған. Әлі де болса бұл жұмыстар жалғасуда. Ақ ұлпаны сыртқа шығаруға қаламыздағы 5 коммуналдық мекеме мен 70 шақты техника жұмылдырылған. Жеке сектордағы тұрғындар өз үйлерінің маңайын қардан тазарта бергені дұрыс дейді қалалық әкімдіктегілер. Ал, қазіргі күні 4671 мертр суағар қоқыс пен мұздан аршылды.

 

Бану Ахметова