Спорт

Бокс майталмандарын еске алу турнирі

 

 

Шаршы алаңға шыққан көкшетаулық Артур Смирнов 60 келі салмақ дәрежесінде Ақмола өңірінің спортшысымен қолғап түйістірді.11 минутқа созылған кездесуде Артур жұдырықтасқан боксшысын қапыда қалдырып, ұпай санымен алға шықты.

 

Артур Смирнов, боксшы, Ақмола облысы:

-Кездесу қиын өтті. Шаршы алаңдағы қарсылас боксшы өзінің шеберлігін көрсете білді. Бірақ та, мен өзіме сенімді болдым. Оның осал тұстарын бірден байқап, оңтайлы сәттерді ұтымды пайдаландым. Төрешілер жеңісті маған берді.

 

Жарысқа елордасы Астана және Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Ақмола облыстары мен біздің өңірден жиыны 51 былғары қолғап шеберлері қатысты. 11 салмақ дәрежесі бойынша шаршы алаңда кездесу өткізгендердің ішінде Ақмола облысы мен Петропавл қаласының спортшылары ұпай санымен әзірге алдыңғы орындарда.

 

Нұрғали Сафиулин, ҚР құрметті жаттықтырушысы:

-Кубоктың тәжірибелі боксшылар мен боксқа енді қосылған жасөспірімдер үшін маңызы зор. Өйткені әр спортшы шаршы алаңда 3-4 кездесу өткізеді. Осылайша, тәжірибелерін шыңдап, айтылған сындарды келесі кездесулерде жасамауға тырысады.

 

Өңірдегі бокстың тамырына қан жүгіртіп, алға дамуына серпін берген жерлестеріміз Камиль Сафин, Александр Лебедев сынды майталман боксшыларды қазіргі спортшылар үлгі тұтады. Олардың жеткен жетістіктеріне қарап, бой түзейтін жастар көп дейді бапкерлер.

 

Анатолий Пермяков, бокстан аға жаттықтырушы, Ақмола облысы:

-Еліміздің спорт федерациясы бокстың дамуына қолдау көрсетуді тоқтатқан емес. Жастарымыз кезінде бокстың кірпішін қалаған Михаил Васильев, Сергей Устинов, Владимир Чернышов сынды тәжірибелі боксшыларға ұқсағысы келеді. Оларға қарап бой түзейді.

 

Жеңімпаздар кубок, грамоталармен марапатталады.

 

Бақыт Сәдуақасов