Өнеркәсіп

2013 жылы көпсалалы жабдықтар зауыты 815 млн. теңгенің өнімін шығарды

 

Петропавлдағы көппрофильді жабдықтар зауыты осыдан 15 жыл бұрын құрылған. Кәсіпорын қатты пайдалы қазбаларды жер астынан өндіріп алатын компаниялардың тапсырысын орындайды. Олар негізінен, уран өндірісі мен тау-кен орындарын бұрғылауға арналған жабдықтар  шығаратын қазақстандағы алдыңғы қатарлы өндіріс орны. 2010 жылдан бері техникалық паркін жаңартып жатыр. Соңғы 2 жыл ішінде Германия, Корея, Қытай елдерінен жеткізілген соны 5 жабдыққа заманауи сандық басқару жүйесі енгізілген. Бұрынғы кеңес заманынан қалған станоктарға қарағанда өнімділігі 10 есе артық. Яғни бұрындары 2 сағат, тіпті 1 тәулікке жуық уақытта әзірленетін бұйымды бар болғаны 20-25 минуттың ішінде жылдам әрі сапалы етіп ойып, өңдеп, қашап шығарады.

Соның бірі қытайлық мына бұрандалар оюға арналған жонғыш-бұрама кескіш білдек. Тәулік бойы тоқтаусыз іске жарамды станокты осы салада 15 жылдай еңбек өтілі бар Рамил Сагитов басқарады.

 

Рамил Сагитов, “Көп профилді жабдықтар зауыт” ЖШС сандық жүйедегі басқарма аппаратының операторы:

-Бұл қондырғылар санаулы ғана минуттардың ішінде ең күрделі деген бұйымдарды сапалы етіп жасайды. Бұған аса білектің күші де қажет емес. Тек бар болғаны бағдарламаларды енгізіп, тетіктерін басып отырамын.

 

Петропавлдың көп профилді зауытында 1000-нан аса бөлшекті жасап, өңдеп шығаратын 3 негізгі цех тоқтаусыз жұмыс істейді. Мынау соның екіншісі 2013 жылы іске қосылған. Мұнда бұрғы бөлшектерін қашап, өңдейді. Ал, соңғы цехта металдардың барлығы термиялық өңдеуден өтіп, техникалық талаптарға сайма-сай екендігі тексеріледі.

 

Қосарбек Испандьяров, “Көп профилді жабдықтар зауыт” ЖШС бас инженері:

-Соңғы 2 жыл ішінде шетелден алынған жаңа құрылғылардың арқасында бізде өнімнің бағасы нарықтағыға қарағанда төмен. Осылайша ішкі, сыртқы нарықта бәсекеге қабілеттілігіміз біршама артты. Ай сайын біз бұрғылау қондырғысының 4,5-еуін шығарамыз, әрине сұранысқа қарай.

 

Көппрофильді зауытта 226 адам 2 ауысым бойынша тұрақты еңбек етеді. Оның 39-ын қыз-келіншектер құрайды. Және айта кететіні бұл кәсіпорын 4 мүгедекті тұрақты табыс көзімен қамтып отыр. Орташа айлық жалақылары 92 мың теңгенің маңайында. Кәсіпорын 2013 жылы 815 млн. теңгенің өнімін шығарыпты. Барлығы Ресей мен Өзбекстан елдерінің іргелі кәсіпорындарына экспортталған. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 7 есеге көп.

 

Сағадат Ағжанов, “Көп профилді жабдықтар зауыт” ЖШС коммерциялық директорының орынбасары:

– Зауыт басшылығы биыл Қазақстан бойынша негізгі тұтынушылары “КазАтомПром” АҚ мен өзге тау-кен қазба байлықтарына геологиялық барлау жасайтын компаниялармен тығыз әріптестік қарым-қатынас жасап жатыр. Олармен біз 400 млн. теңгенің келісім-шартына отырдық. Бірінші тоқсанда 210 млн. теңгенің өнімін шығарамыз.

 

Алайда зауыт басшылары бұл тапсырыс өндірістің толық қуатта жұмыс істеуіне аздық етіп тұр дейді.

 

Берік Қасен