Өнеркәсіп

“Поиск” ЖШС 16 жылдан бері мұнай-газ өнеркәсібіне қажет өнімдер шығарып келеді

«Поиск» серіктестігі өз қызметін 1998 жылы бастаған. Бүгінде Қазақстанның мұнай өңдеу саласына қажетті құрылғылардың 10 мыңнан астам түрін әзірлейді. Олардың арасында бұрғылау, мұнай өндіру қондырғыларына арналған құрал-саймандар бар.

 

Александр Гулов, «Поиск» ЖШС директорының міндетін атқарушы:

-Біздің өнімімізді Батыс және Оңтүстік Қазақстандағы компаниялар сатып алуда. Барлық тауар сұранысқа ие. Былтыр Санкт-Петербор қаласы да қызығушылық танытты. Олардың тапсырысы бойынша өнімнің тиісті көлемін әзірледік. Жаңа технологияларды да пайдаланудамыз. Қытайдың жасаған құрылғыларын өзімізде де шығаруға болады деп ойлаймын. Бүгінде бұл елдің технологиясын игеріп жатырмыз.

 

Кәсіпорын бір орында тұрмайды. Жыл сайын серіктестіктің материалдық- техникалық базасы нығайып келеді. Бүгінде мұнда ресейлік, қытайлық және кореялық компаниялардың қондырғылары орнатылған. Олардың көмегімен жұмыстың дені автоматты түрде жүргізіледі. Дегенмен, өндірісте бірталай мәселелер туындайды. Олардың көбі келісімшарт жасау тұрғысында.

 

Армен Агабабян, «Поиск» ЖШС маркетинг жөніндегі директоры:

-Мәселелер көбіне тапсырыс беруші тарапынан орын алады.Біз өнімді жасап береміз. Бірақ қаражат 30 күннен кейін қолымызға түседі. Ол көбіне нарықтағы жағдайға байланысты. Дегенмен бар қиыншылықтарға қарамай, жұмысымыз өрге басуда.

 

Серіктестік қарамағында 7 учаскелік цех бар. Мұндағы жұмыс жүйелі жүргізілуде. Алғашқы учаскіде шикізат қажетті формаға келтірілсе, кейін құрылғылар өзге цехтарға жіберіледі. Онда мұнай өңдеу саласына қажетті саймандар жиналады. Ал қырнау цехында 50-ден астам жұмысшы еңбек етеді. Олардың мақсаты дайын бөлшектерді қайрап, жинақтау.

 

Александр Косенков, қырнаушы:

-Мен бұл кәсіпорында 2005 жылдан бастап еңбек етем. Күніне мұндай бөлшектердің 50-уін әзірлейміз. Жұмыс қиын емес. Дегенмен, қырағылықты талап етеді.

 

«Поиск» серіктестігіндегі жұмысшылар 2 ауысымда жұмыс істейді. Кәсіпорын ұжымы 235 адамнан тұрады. Мұндағылардың айтуынша, жұмыс жаман емес. Орташа еңбекақы 90 мың теңге көлемінде.