Энергетика

Петропавлда жылу желілерінің 70 пайызы тозған

“Петропавл жылу желілерінің” бүгінгі жағдайы мәз емес. Өйткені, мәселе шаш етектен. Желілердің 70 пайыздан астамы тозса, оған қоса жаңартуға қаражат жетіспейді. Жылына кем дегенде 20 шақырымын жөндеу қажет болса, бұлар бірде – 12, бірде 15-ін ғана қалпына келтіріп үлгереді екен.

 

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:

-Ысыраптары да үлкен. Былтырғы бойынша 28,56 болып тұр. Ол 2012 жылға қарағанда кішкене азайды. Онда 31 пайыз болатын. Бірақ, сонда да бұл үлкен көрсеткіш.

 

Еуразиялық даму банкінен алынған несиенің көмегімен өткен жылы біраз шаруа атқарылған екен. 560 млн. теңге жөндеу жұмыстарына бағытталса, биыл тағы 770 млн. теңге қаржы жұмсалмақшы. Алайда, бұның өзі аздық етуде.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры Марат Мұстафиннің айтуынша тығырықтан шығудың жолы бар.

 

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:

-Кәсіпорын инвестицияның тарифтегі шамасын көбейту қажет. 200 млн. аз. Бұны 2-3 есеге дейін көбейту керек.

 

Серіктестік директоры Қуандық Кенесбаев құбырларды барынша жөндеуге биыл да тырысып бағамыз дейді.

 

Қуандық Кенесбаев, “Петропавл Жылу Желілері” ЖШС бас директоры:

-Ағымдағы жылы 1 млрд. 330 млн. теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізбекшіміз. 15 шақырым желіні қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұл тек жағдайды қалпында ұстап тұруға ғана мүмкіндік береді.

 

“Петропавл Жылу Желілерінің” есептік жиынына келген тұрғындар кейін кәсіпорын басшылығына сұрақтар қойды. Соның бірі Теміржол вокзалы аумағындағы №4 жылу пунктін жаңғырту қажеттігі туралы. Қуандық Кенесбаев алдағы уақытта бұл мәселенің шешілетіндігін жеткізді. Ал, Жабаев көшесі, 123 мекен жайындағы баспананың тұрғындары үйіміз суық дейді. Оның себебі, құбырда ауаның жиналып қалуында.

Жиында келесі жылыту маусымына дайындық бойынша да ұсыныстар айтылды.

 

Анатолий Мишин, Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:

-Техникалық құжаттарды тапсыру бойынша тәртіп барысын білейік деп едік. Бұл турасында жиын өткізуді жоспарлаудамыз. ПИК төрағалары оларға қойылатын талаптар жайын да білсін.

 

Қуандық Кенесбаев бұл мәселенің бақылауда болатынын мәлімдеді. Тағы бір айта кететін жайт, не дегенмен өткен жылы тұрғындардан кәсіпорынның қызметіне байланысты шағымдар аз түскен. Апаттар саны да кеміген.

 

Данаш Хамзина