Қоғам

Сот ісінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету

Экранның ар жағында ЕС-164/6 мекемесінде жазасын өтеп жүрген азаматша және оның қорғаушысы мен түзету мекемесінің қызметкерлері. Нәзік жанды өзін қоныс колониясына ауыстыру жөнінде өтініш жасаған. Ол бюджет қазынасынан 10 млн теңгеден астам қаржыны жымқырған. Бұл оқиға 2010 жылы орын алыпты. Ақмола облыстық «Казпочта» АҚ филиалында қызмет істеп жүрген 26 жасар қыз шалыс қадам басып, түзету мекемесінен бір-ақ шыққан. 3,5 жылдан астам уақытын темір тордың ар жағында өткізген азаматша өзін тек жақсы жағынан көрсеткен.

 

Михаил Гусев, Петропавл қалалық сотының судьясы:

-Азаматша Ж бірнеше рет мадақтамаға ие болған. Жақсы тәртібімен көзге түскен. Сондықтан оның өтініші қанағаттандырылсын. Ол жалпы режимдегі түзету мекемесінен қоныс колониясына ауыстырылсын.

 

Бұл күнді жазасын өтеуші қыз да ұзақ күткен. Сондықтан ол өтініші  қанағаттандырылғанына риза.

 

Жазасын өтеуші:

– Мен өте қуаныштымын. Өйткені осы істі сот 3 рет қарастырған болатын. Бұл жүйеде өткен отырыста мен бұрынғыға қарағанда аз қобалжыдым. Істеген істеріме өкінемін. Енді Көкшетаудағы мекемеге барамын. Өзім сол жақтан болғандықтан үйіме жақын. Олар мені жиі көріп тұру мүмкіндігіне ие болады.

 

ҚР Президенті өз жолдауында жауапты құрылымдарды сот дауларын жеңілдетуді, сот жүйесін әрбір азаматқа неғұрлым ашық және қолжетімді қылуға шақырған болатын. Жалпы бұл өңірімізде онлайн режимде өтіп отырған алғашқы отырыс. Солтүстікқазақстандық сот өкілдері оның артықшылығын сезініп үлгерген.

 

Михаил Гусев, Петропавл қалалық сотының судьясы:

– Бұрындары жазасын өтеушіні сотқа, не керісінше біз сол жерге барып, уақыт жоғалту керек болатынбыз. Ал осындай сот отырыстары екі тараптың басын онлайн режимде қосып, істі қарауға септеседі. Ыңғайлы, әрі бюджет қаражатын үнемдеуге жол ашады. Ал бейне және дыбыс жазбасы сот актілерінің бірыңғай жиынтық базасында сақталады.

 

Әрине байланыс сапасы қызметінде әлі кемшіліктер бар. Дегенмен құқық қорғау саласының өкілдері бұл олқылықтардың алдын аламыз деп отыр. Алдағы уақытта мұндай тәжірбиені барлық істерді қарау кезінде енгізу жоспарда бар.

 

Мағжан Ахмадина