Өнеркәсіп

“Блок” ЖШС өткен жылы 380 млн.теңгенің өнімін шығарды

 

Міне 14 жыл бойы “Блок” ЖШС-нің электр оқшаулағыш материалдарын ел ішінде ғана емес, Ресей, Белорусь және Укринаның энергетикалық өндіріс ошақтары тұрақты тұтынып келеді. Бұған қоса кәсіпорын соңғы 6 жылда тұрмыста және өндіріске қажетті ризолин материалын шығарып жүр. Оның құрамы негізгі үш компоненттен тұрады. Соның екеуі мұнайдан айырып алынған битум мен индустриалды май. Бұл екі шикізатты “Блок” серіктестігі көршілес Омбы қаласынан жеткізіп отырған. Енді Қазақстан мен Ресей мұнай өнімдерін тасымалдамау жөнінде қаулы қабылдапты. Блок серіктестігінің директоры Иван Шефер бұл шешім өндіріс ошағының жұмысын тығырыққа тіреп отыр дейді.

 

Иван Шефер, “Блок” ЖШС директоры:

-Қазір үкіметаралық келісім бойынша Қазақстан мен Ресей арасында мұнай өнімдерін тасымалдауға тиым салынды. Соған байланысты бізге қажетті шикізат битум мен индустриалды майға қол жеткізе алмай отырмыз. Оны біз Атырау мен Павлодар қалаларынан жеткізе аламыз. Бірақ, жол машақаты тағы бар. Біз осы мәселені шешіп беру туралы үкіметке, кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігіне хат жаздық.

 

“Блок” ЖШС басшылығы үкімет тарапынан бұл мәселе жуық арада шешімін тапса, өндірістің тамырына қан жүгірер еді деп отыр. Аталмыш кәсіпорын қазір тоқтап тұрған жоқ, әзірге электр оқшаулағыш материалдарды шығаруда. Жұмыс күші жеткілікті. 80 адам еңбек етеді. Оның 70 пайызын қыз-келіншектер құрайды.

 

Иван Шефер, “Блок” ЖШС директоры:

– Өткен жылы 150 млн. теңгенің резолині мен 200 млн. теңгеге жуық электр оқшаулағыш материалдар шығардық. Биыл резолин өнімін 500 млн. теңгеге дейін жеткізуіміз керек.

 

“Блок” ЖШС-нің алға қойған жоспары ауқымды. Өткен жылы резолиннің 180 текше метрін шығарса, биыл оны 300-ге жеткізбекші. Осылайша бір жылғы өндіріс көлемін 50 пайызға арттырмақ.

 

Берік Қасен