Энергетика

Энергетиктер нормативтік шығындарды кемітуде

“Солтүстік Қазақстан Электржелілі Тарату компаниясы” барлығы 13,5 мың шақырым сымға тоқ жүгіртіп, облыс орталығы мен 8 ауданға жарық жеткізеді. Олардың қызметін тұтынушылардың саны 159 мыңнан асады. Теріскей тұрғындарын тоқпен үздіксіз қамту үшін өткен жылы біраз істі тындырдық дейді компанияның бас директоры Александр Рейзлин.

 

Александр Рейзлин, “Солтүстік Қазақстан Электржелілік Тарату компаниясы” АҚ бас директоры:

-Біздің жетістіктеріміздің бірі ретінде инвестициялық бағдарламаның орындалуын айтар едім. 2013 жылы жоспар бойынша ақшалай 857 млн. теңге болса, нақты 874 млн. теңге жұмсадық. Инвестициялық бағдарламға сүйеніп жұмыс істеу құрылғыларды қайта қалпына келтіруге зор мүмкіндік береді. Нәтижесінде, біз қызмет көрсетудің сапасын жақсартамыз.

 

Айта кеткен жөн, инвестициялық бағдарламаның жүзеге асуы кәсіпорынның өз қалтасынан қаржыландырылады. Ол – амортизациялық аударымдар мен кірістер. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі облыстық департаментінің директоры Марат Мұстафиннің айтуынша, компания өткен жылы нәтижелі жұмыс атқарған.

 

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:

-Инвестиция мен жөндеу жұмыстарының ұлғаюына байланысты стратегиялық көрсеткіштер бойынша компания тозу көлемін 73,8 пайызға дейін азайтты. Екінші, мәселе нормативтік ысыраптар. Ол азайған сайын тарифке де әсері кемиді. Бұл көрсеткіш 11,18-ге жетті. Ал, асып кеткен нормативтік ысырыптар бізде жоқ.

 

Жарықпен қамтушы компанияның бас директоры Александр Рейзлин өткен жылы еңсерілген жұмыстар жайлы баяндамасын оқып болғаннан кейін тұрғындар кәсіпорын басшысына өз сұрақтарын қойды.

 

Анатолий Женченко, зейнеткер:

-2014 жылдың инвестициялық бағдарламасының орындалуына ұлттық валютаның құлдырауы қаншалықты әсер етеді?

 

Александр Рейзлин, “Солтүстік Қазақстан Электржелілік Тарату компаниясы” АҚ бас директоры:

-Материалдарды жеткізу бойынша келісім-шарттар жасасу уақытша тоқтатылған болатын. Жабдықтаушылармен жағдайды талқылап, материалдардың әуелгі келісілген бағасын сақтау мақсатында. Алдағы уақытта бағдарлама енгізілген барлық жұмыстар толығымен еңсеріледі деп сеніммен айта аламын. Тек оларды орындау уақыты сәл шегерілуі мүмкін.

 

Компанияның 2014 жылға белгілеген инвестициялық бағдарламаның көлемі 1 млрд. 50 млн. теңгені құрап отыр. Жаңғыртудың ауқымын кеңейтудің арқасында үнемшілдікке тағы бір қадам басамыз дейді кәсіпорын басшылығы.

 

Данаш Хамзина