Билік

Дағдарысқа қарсы штаб отырысында еңбекақы берешегін өтеу мәселесі қаралды

 

Жыл басынан бері өңіріміздің 40-тан астам кәсіпорыны жұмысшыларына жалақы төлемеген. Бүгіндері еңбекақы бойынша жинақталған қарыз мөлшері 154 млн теңгеден асып жығылады.

 

Амантай Сейфуллин, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

– 2014  жылдың 1-ші наурызындағы жағдайды алар болсақ берешек айтарлықтай өскен. Жұмыскерлерге қарыз кәсіпорындар Ақжар, Айыртау, Есіл және М. Жұмабаев аудандарында тіркелген. Еңбекақы төлемеген 40 кәсіпорынның 8-і қазіргі күні біздің тарапымыздан апта сайын тексеріліп отырады.

 

Бірқатар аудандарда еңбек заңнамасын бұзу фактілері жиі кездеседі екен. Ондайлардың қатарына Аққайың, Айыртау, Тайынша және М.Жұмабаев аудандары кіреді. Осы орайда өңір жетекшісі БАҚ-та жалақы төлемеудің фактілері жайлы ақпарат тым аз көрсетілетіндігін айтты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Ішкі саясат басқармасы бұл жағдайды қадағалауға алу керек. Өйткені БАҚ-та жұмыскерлердің еңбекасқысын төлемегендер жайлы аз айтылады. Оны біз жақсылап насихаттауымыз керек. Әр аудандық, қалалық, облыстық газет беттерінде жалақы төлемеген кәсіпорын шығуы тиіс.

 

Ал еңбеккерлердің маңдай терімен тапқан жалақысын бермегендер көшін Ақжар ауданы бастап тұр. Мұндағы қарыз 29 млн теңгеден асады. Әлеуметтік мәселеге немқұрайлық танытқан аталған аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің жұмысына аймақ басшысы сын айтты.

Берешектің басым бөлігі ауыл шруашылығы саласына тиесілі. Бұл тұста Тайынша ауданындағы- «СП»Трансавто» ЖШС жағдайы мүшкіл. Өңір жетекшісі агроқұрылымның қазіргі жағдайын сұрастырды.

 

Александр Пожидаев, «СП»Трансавто» ЖШС атқарушы директоры:

– Қазіргі күні 42 млн теңгеден астам қарызымыз бар. Бүгіндері оларды барынша шешуге тырысып жатырмыз. Шаралар қолданудамыз.

 

Аймақ басшысы Самат Ескендіровтың сынына өзге аудан жетекшілері де ілікті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Жалақы бойынша мәселелер мүлде туындамауы керек. Қарап отырмын көптеген кәсіпорындар 1-ші орында тұруы тиіс, жалақы мәселесін соңғы орынға шығарып қояды екен. Мына сандарға қарап аудан басшылары тиісті жұмысты атқармайды деген ойға қалып отырмын.

 

Жиында тұралап қалған кәсіпорындардың қайтадан қалыпқа келуі мен банкроттықтың аз-ақ алдында тұрған компаниялар жайы да сөз болды. Бүгіндері ондай серіктестіктер саны облысымызда 10-ға жуық. Кездесуде қаралған соңғы мәселе ол қарызданып қалған кәсіпорындардан қаражатты өндіріп алу жөніндегі сот актілерін орындау мәселесі болды.

Рахмет Базылов,СҚО сот актілерін орындау департаментінің басшысы:

-180 іс қаралды. 128 млн теңгеден асады.

 

Жиын соңында аймақ басшысы тиісті органдарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Барлығы тиісті шараларды қолдануы қажет. Шаруашылық жағдайы қаншалықты ауыр болғанымен де, еңбеккерлердің ақысын уақтылы өтеу бірінші кезекте тұруы тиіс. Мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар басшыларына аталған мәселенің оң шешілуін тұрақты бақылауды талап етемін. Апта сайын мониторинг жүргізіліп отыруы тиіс. Бұл мәселені қадағалауды менің бірінші орынбасарым- Айдарбек Сапаровқа тапсырамын.

Мағжан Ахмадина