Қоғам

Әскери қызметшілер спартакиадасы

 

Дәстүрлі түрде өтетін президенттік көпсайыс биыл еліміздің түкпір-түкпірінен келген командалардың басын Қызылжар қаласында тоғыстырды. Екі күнге созылатын сайыс он метрлік қашықтықта орналасқан нысананы көздеп, мылтық атудан басталды. Бұл іріктеу сынында көптеген әскерилер «құралайды көзге атқан» мергендіктерін танытуға тырысып жатыр. Мұнда қатардағы жауынгерден бастап спорт шебері дәрежесін иеленген сержанттар да бар.

 

Амангелді Жакупов, 7552 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері, Алматы қаласы:

-Қарсыластарымның барлығы жақсы дайындықпен келген. Барлығы үздік спортшылар және арасында спорт шеберлері бар. Енді олармен күш сынастыру қиын болайын деп тұр. Бірақ тырысып көремін.

 

Бұл жай ғана спорт емес, сонымен қатар оның әскери-қолданбалы түрі. Яғни әскери қызметшілер осы сын сағаттарынан өту арқылы өздерін шыңдай түспек. Бұл ұйымдастырушылар мен төрешілердің пікірі.

 

Ерлан Баимбетов, Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы:

-Бұл жарыста әр қатысушы өзін сынап, күшінің неге жететінін біле алады. Бұл жарыста біз ең мықты спортшыларды таңдап, алда келе жатқан ІІМ ұйымдастыратын жарысқа қатыстырамыз.

 

Бұл іріктеу сынында алға суырылып шығатын командаларды бірден дөп басып айтуға мүмкіндік жоқ. Өйткені, сайыпқырандарды алда әлі екі жарыс күтіп тұр. Оның бірі нағыз жуан білектің танылар сәті – білтемірге тартылу мен шешуші сында 10 шақырымға шаңғымен жүгіру. Осы аталған үш жарыстың қорытындысы бойынша қай команда мейлінше көп ұпай жинаса, сол алдағы үлкен додаға қатысуға жолдама алады.

 

Берік Қасен