Билік

Үкімет отырысында бірқатар өзекті мәселелер қаралды

Үкімет отырысында 3 мәселе қаралды. 2014-2016 жылдарға арналған бюджетті нақтылау жайында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев баян етті. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап әлеуметтік қорғау саласына 121 млрд. теңгеден астам қаржы бағытталмақшы. Жиында, сондай-ақ, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдардың 2013 – 2015 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасы да таныстырылды. Министр өз сөзінде салық төлеуден қашқақтап жүретін жалған кәсіпкерлермен күресті күшейту қажеттігін атап өтті. Қазақстандағы көлеңкелі бизнестің басым көпшілігі ауыл шаруашылығына тиесілі. Бүгінде оның аталған саладағы үлесі 65 пайызды құраған. Осыған байланысты, Үкімет басшысы Серік Ахметов жергілікті жерлерде тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.

Ал, төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко аймақтардағы су басуға қарсы дайындық барысын баяндады. Қазір ерекше бақылаудағысы – оңтүстік өңір. Синоптиктердің болжауынша осы аптада ауа райы күрт жылынуы мүмкін. Серік Ахметов облыс әкімдеріне бұл мәселені жіті бақылауды жүктеді.

Селекторлық байланыс тоқтатылған соң өңір жетекшісі Самат Ескендіров жергілікті басқарма басшыларының алдында тұрған аталған мәселелер бойынша нақты міндеттерді айқындады. Соның бірі – облыстың бюджетін нақтылау.

 

Айгүл Хасенова,СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-Жалақыны көтеру бойынша мәселені Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен талқыладық. Біздің өтінім – 2 млрд. 864 млн. теңге. Облыстың қажеттілігі – 7 млрд.теңгені құрайды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Жалақыны көтеруге және жоспар бойынша белгілеген негізгі қажеттіліктерге бағытталған бюджет көлемін қабылдайтын боламыз. Наурыз айының соңына таман бар шаруаны тындыруымыз қажет.

 

Жиын соңында Самат Ескендіров көлеңкелі экономикаға қарсы күресті бәсеңсітпеуді тапсырды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Бұл жұмысқа аудан әкімдері де жұмылсын. Ауыл шаруашылығы, экономика және қаржы басқармаларына кешенді жоспарды зерттеп шығуды жүктеймін.

 

Данаш Хамзина