Ауыл шаруашылығы

Солтүстік Қазақстанға жұмыс сапарымен Канаданың Манитоба провинциясынан делегация келді

 

 

Ең алдымен канадалықтар «Авагро» ЖШС ат басын бұрды. Мұнда егінжайларға қажетті қондырғылар шығарылады. Қазақстан нарығында 16 жыл жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын жылына 150-200 жуық бүріккіштер жасайды екен. Қазір серіктестік егістікке қажетті техниканы еліміздің асықты аймақтары мен Ресейге жөнелтеді екен.

 

Николай Ерохин, «Avagro» ЖШС директоры:

-Біз Батыстың кәсіпорындарымен қарым- қатынас орнаттық. Керек құрал-жабдықтарды Франция, Германия, Италия елдерінен аламыз. Жалпы шығаратын бүріккіштер Қазақстанның ауылшаруашылығы жағдайында жұмыс істеуге қолайлы. Жылдамдығы мен өнімділігі жоғары.

 

Кәсіпорын алқаптарды өңдеумен де айналысады. Өткен жылы олар 150 га жерді зиянкестерден арылтқан. Бүгіндері серіктестікте 50-ге жуық адам еңбек етеді. Қазір мұндағылар жаңа құрылғы – бүріккіш түрін жасауды қолға алған. Ол «Садко» автокөлігінің негізінде құрастырылады. Қонақтар кәсіпорынның қуаттылығын бақылап, тәжірибе  алмасуға қолайлы орын екендігін айтты. Өйткені екі елдің климаттық жағдайы ұқсас көрінеді.

 

Билл Тириус, Манитоба провинциясы үкіметінің даму, сауда және инвестиция бөлімінің директоры:

-Қазақстанға алғаш рет 2005 жылы келдім. Елдеріңіздегі кәсіпорындар соңғы 10 жылда қарқынды даму жолына түсіпті. Аймақтарыңыз астықты өлке екендігін білеміз. Бізді өнімді сақтау және қайта даярлау істері қызықтырды. Бұл ретте де біраз шаруалар тындырылған. Кәсіпорындарымыз осы жерде қарым-қатынас  орнатуға дәмелі.

 

Бұдан соң меймандар индустриалдық аймаққа барды. Бұл жерде жуық арада бірнеше өндіріс ошағы орын тебетін болады. Кейін канадалық делегация «Сұлтан элеватор-диірмен-макарон кешені» АҚ жұмысымен танысты. Қазір мұнда макарон өнімдерінің 30 түрі шығарылады. Серіктестікте орнатылған швейцариялық қондырғылар сағатына 1,5 мың тонна макарон өнімдерін өндіруге қауқарлы. Қонақтар бизнес субъектілеріне деген үкімет қолдауының да жоғары деңгейде екендігін байқаған.

 

Стив Фрос, «Convey-All Industries» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі менеджері:

-Кәсіпорын өз шикізатын қолданып, өнім әзірлейді. Кейін оны тек ел нарығында ғана емес, ТМД аумағында саудаға шығарады екен. Бұл экспортты дамытуға жол ашады. Жалпы үкімет ісін дамытамын дегендерге қолдау көрсетеді екен. Бұл әрине жақсы.

 

Жалпы «Сұлтан элеватор-диірмен-макарон кешені» АҚ 4 желі жұмыс істейді.

 

Мағжан Ахмадина