Қоғам

Курсант төтенше жағдайда ерлік көрсетті

 

Петропавл әскери институтының курсанты Собир Базарбаев осы жылдың 13 ақпанында қызыл жалынға оранған үйден көршісін аман алып шықты. Оқиға Шал ақын ауданының Кривощеково ауылында орын алған екен. Курсант ол кездері қысқы демалыста болатын. Кешке таман үйде отырып, көрші ауладағы үйдің күйіп жатқандығын байқаған ол, еш ойланбастан ер адамды құтқаруға ұмтылыпты. Алғашқы медициналық көмекті де сол жерде көрсетсе керек. Собир Базарбаев өзінің әрекетін ерлік деп есептемейді. Керісінше менің орнымдағы әр адам дәл осындай қадамға барары сөзсіз дейді. Өз кезегінде институт басшылығы болашақ офицердің батылдығын ескеріп, құрметке бөлеуді жөн санапты.

 

Серік Әубәкіров, ҚР ТЖМ Өртке қарсы күрес комитетінің төрағасы:

-Собир Базарбаев үлкен ерлік жасап, көзге түсті. Мұндай батыл қадамға екінің бірі бара бермесі анық. Курсант өртенген баспананың қауіптілігіне қарамастан үй иесін құтқарып отыр. Ер-азаматқа тән қасиет.

 

Сарбаздың туған-туыстары ұлдарын мақтан тұтады. Олар Собирдің болашағынан үлкен үміт күтеміз деп отыр.

Курсант осы жылы әскери институтты тәмамдайды.

 

Бақыт Сәдуақасов