Аптадағы маңызды жаңалықтар

Канадалық делегация облыс әкімі С.Ескендіровпен кездесуде агроөнеркәсіп саласындағы өзара әріптестіктікті дамыту мәселелерін талқылады

Канадалық бизнес өкілдерімен кездескен өңіріміздің ауылшаруашылығы тауар өндірушілері екіжақты тиімді әріптестік орнатуға ниетті. Өйткені тәжірибе алмасу үшін бұл өте жақсы мүмкіндік деді кездесуді ашқан аймақ басшысы Самат Ескендіров.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Осыдан біраз уақыт бұрын өңірімізге жұмыс сапарымен канадалық елші келген болатын. Сол кезде біз екі ел арасындағы бизнесті жетілдіре түсу жайын талқылаған болатынбыз. Міне содан бері көп уақыт өткен жоқ, бүгін Солтүстік Америкадан бізге кәсіпкерлер келіп отыр. Жалпы екі ел арасындағы қарым- қатынас жақсы деңгейде. Соны әрі қарай жетілдіре түсу маңызды.

 

Манитобадан келген бизнес өкілдері де солтүстікқазақстандық кәсіпкерлермен жұмыс жасауға қызығушылық танытты. Жалпы бұған дейін ауылшаруашылығы саласында екі жақ өзара тиімді істер атқарыпты. Канададан әкелінген техника өзінің мықтылығын, жоғары өнімділігі мен экономикалық тиімділігін дәлелдеген. Ірі қара тұқымының генетикалық құрамын жақсарту және өнімділігін арттыру үшін Канададан өңір шаруашылықтарына тайыншалар жеткізілген. Герефорд, ангус және голштинафриз тұқымды мұхит асып келген сиырлардың саны бүгіндері 3 мыңнан асып жығылады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

 

Стивен Бонк, «Xports International Ins» компаниясының даму бойынша директоры:

-Негізі сіздердің аймақтарыңызда қызықтырғаны ол- ірі қара экспортының дамуы мен консалтингтік қызмет. Өйткені Солтүстік Қазақстан бұл ретте ірі серіктес болып саналады. Қазақстандықтар өздерінде бар мал тұқымдарын Канададан енгізілген малмен будандастырады. Бұл дәстүрлі жүйе қазіргі таңда жақсы жұмыс істеуде. Біз Қазақстанның көптеген аймақтарымен жұмыс жасап жатырмыз.

 

Кездесу барысында канадалық әр компания өз кәсіпорнын таныстыра бастады. Әңгіме барысында өңіріміздің бизнес құрылымдары шетелдік әріптестеріне өз сауалдарын жолдады. Солтүстікқазақстандық ауылшаруашылығы өндірушілерін Канададағы ірі қара малдың негізгі ауру түрлері мен инфекциялық дерт кезінде қандай шаралар қолданылтындығы мазалайды.

 

Стивен Бонк, «Xports International Ins» компаниясының даму бойынша директоры:

-Ең біріншіден ол респираторлық инфекциялар. Екіншіден ол сиырларда кездесетін вирустық диарея дерті. Көп жағдайда оның алдын алу үшін біз малдарға екпе жасаймыз.

 

Жиын соңында канадалық меймандар облыс әкіміне қонақжайлылық үшін алғыс білдіріп, өңіріміздің бизнес өкілдерін Солтүстік Америкада өтетін халықаралық көрмеге шақырды. Онда барлық ауылшаруашылғы өнімдерінің озық үлгілері жайғастырылмақ. Өңір жетекшісі бұл шақыртуды қабыл алды. Аймақ басшысы екі ел арасындағы әріптестік қарым- қатынас алдағы уақытта да нығая түседі деді.

 

Мағжан Ахмадина