Денсаулық сақтау

Облыстық онкологиялық диспансерде ашық есік күндері өтіп жатыр

 

Көктемнің алғашқы күнінен бастау алған акцияда өз денсаулығын тексертуге ниеттілерден 60 өтініш түсіпті. Бәрі дәрігерлердің қабылдауына жазылып, білікті мамандардан кеңес алуда. Денсаулығы сыр бере бастағандары тез арада ем-дом қабылдайды. Таң ертеңнен сағат 11-ге дейін онко-гинеколог дәрігер Ольга Краснопевцева 16 нәзікжандыны қабылдапты. Ақ халатты абзал жан мына видеокольпоскоп аппаратының көмегімен жыныс мүшелеріндегі ісік ауларының түрлерін дер кезінде анықтай алады. Былтырғы жылдың соңында алынған заманауи құрылғы түсірілген бейнені 100-ден 300-ге дейін ұлғайтып көрсете алады.

 

Ольга Краснопевцева, облыстық онкологиялық диспансердің онко-гинеколог дәрігері:

– Акция барысында 2 адамнан обырдың алғашқы белгілері анықталды. 8 әйелге қажетті ем алу керек. Қуантарлығы тұрғындар бұрынғыдай денсаулығына немқұрайлық танытпайды. Бізге келіп денсаулығының жағдайын біліп тұрады.

 

Тұрғындардің көп бөлігі маммолог-дәрігерлердің көмегіне жүгінеді екен. Күніне 50 адамды қабылдайтын ақ халатты абзал жан Майя Исмуратова акция барысында бірқатар адамдарда обырдың алғашқы белгілері анықталды дейді.

 

Майя Исмуратова, облыстық онкологиялық диспансердің маммолог-дәрігері:

– Біздерге келген әйелдер сүт бездерін тексертіп жатады. Оларды қараған соң қандай ем-дом қабылдау керектігін айтамыз, ең алдымен пациент толықтай тексерістен өтеді. Соңғы ақпан айындағы акция барысында қатерлі  ісік ауруына шалдыққан бірнеше әйелді анықтадық.

 

Акция кезінде жерлестеріміз кез-келген дәрігердің көмегіне жүгіне алады.

Наурыздың 1-нен басталған ашық есік күндері осы айдың 15-не дейін жалғасады. Акция барысында онкологиялық диспансердің дәрігерлері тұрғындарды сенбі күндері де қабылдайды.

 

Бану Ахметова