Ауыл шаруашылығы

Арулар бар ауылдың ауыр жүгін арқалаған

 

Гүлнәр Кәрімова әрбір жұмыс күнін тұрғындардың тыныс-тіршілігін білуден бастайды. Жағдай белгілі болғаннан кейін жоспар құрылады. Гүлнәр Кәрімова   көп уақытын жұмыс орнында өткізеді екен. Өйткені, ауылда шаруа көп. Демалып отыруға уақыт жоқ. Мұндай зор жауапкершілікті мойныңа алғаннан кейін, істі абыроймен атқару керек дейді.

 

Гүлсім Кәрімова, Қызылжар ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

-Балаларым ер жетті. Барлығы мамандықтарын алды. Жолдасым да бәрін түсінеді. Қызметім ауыр болғаннан кейін мені қолдайды.

 

Қызылжар ауылдық округіне 6 елді мекен кіреді. Халқының саны – 2 жарым мыңнан асады. Әрбіреуінің көңілінен шыға білу оңай емес. Десе де, бұл іс Гүлсім Кәрімованың қолынан келген сияқты. Әкім қызметіне тағайындалған жарты жылдың ішінде біраз жұмысты тындырып, беделі де артқан. Мәселен, ол өткен жылы Қарлыға ауылына жарық тартқызып берсе, биыл бұл жұмысты Подгорныйда бастаған. Мұнымен ол тыйылмақ емес.

 

Гүлсім Кәрімова, Қызылжар ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

-Алдымыздағы жоспарда Подгорный селосына жарық тарту, ауылдық жолдарды жөндеу, Бәйтерек ауылында ауылдық клуб ашу жұмыстары бар.

 

Сөз арасында Гүлсім Кәрімова “Мен халқыма жақынмын” деп айтып қалды. Шынында да, ол елдің ішкі өміріне етене араласып жүреді екен. Кем дегенде аптасына бір рет қарамағындағы бір ауылға барып, тыныс-тіршілігін байқайды. Мейрам күндерін де ұмыт қалдырған емес.

Бәйтерек ауылында көпбалалы 6 ана бар. Соның бірі – 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген Уәзира Шоғаева. Гүлсім Кәрімова ақ жаулықты ананы 8 Наурыз мерекесімен құттықтап барды.

 

Уәзира Шоғаева, “Алтын алқа” белгісінің иегері, Бәйтерек ауылының тұрғыны:

-Гүлсім қызымыз келгелі біраз шаруа тындырылды. Келіп хал-жағдайымызды біліп тұрады. Тұрмысы төмен отбасыларға көмегін аямайды.

 

Ауыл әкімінің тұрғындармен әңгімесі үлгілі жанұяның дастарқанында жалғасты. Ақсақалдардың ақылын тыңдап, кішіні үйретуге жалықпайтын Гүлсім Кәрімова – отбасылық құндылықтарды бағалай білетін жан. Өйткені, оның өзі – асыл жар, аяулы ана. Ер жеткен үш ұлы бар. Үйдегі де, түздегі де жұмысты қатар алып жүрген нәзік жандының құпиясы – еңбекқорлығында.

 

Данаш Хамзина