Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев келді

 

Облыс орталығында ағымдағы жылы жалпы аумағы 118 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілуі тиіс. Олардың барлығы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша тұрғызылуда. Құрылыстың дені Петропавлдағы Береке ықшам ауданында жүріп жатыр. Теріскейге жасаған жұмыс сапары барысында өңірлік даму министрі алдымен аталмыш ықшам ауданға ат басын тіреді. Бұл жерде көпқабатты 22 үй бой көтермек. Бүгінге дейін олардың бесеуі қолданысқа берілсе, тағы 10 үйдің құрылысы әлі жүріп жатыр. Елордалық мейманды жоспардың жүзеге асырылу барысымен құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ратмир Усманов таныстырды.

 

Бүгінгі күні аталмыш ықшам ауданда тұрғызылатын тағы 11 үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Алайда құрылысты бастауға қаржы қолбайлау болуда.

Береке ықшам ауданында тұрғын үйлермен қатар “Назарбаев” зияткерлік мектебі де бой көтеруде. Бас мердігер “Ария жаңа Астана” құрылыс компаниясы. Жоспар бойынша білім ошағы осы жылы тапсырылуы керек. Қазір  мұндағы жұмыстар  65 пайызға орындалыпты. Құрылысшылар міндетті ойдағыдай аяқтаймыз деп отыр.

Мәселелердің барлығынан құлағдар болған министр жуық арада осы жылдың бюджеті тағы бір мәрте қарастырылатындығын тілге тиек етті. Онда өңіріміздің құрылыс саласындағы қаржылық мәселелер есепке алынатын болады деді Жәмішев.

Осы күні өңірлік даму министрі Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығына ат басын тіреп, аталмыш кешеннің жұмыс барысымен танысты. Жылу орталығы 1961 жылы іске қосылған. Негізгі қондырғылары 11 энергетикалық қазандық пен 7 турбоагрегаттан тұрады. Жылу-электр орталығының жұмыс барысымен министрді кәсіпорынның бас инженері Виктор Бармин таныстырды. Бүгінгі күні кәсіпорын сағатына 863,65 гигакалори жылу өндіруге қауқарлы. Кәсіпорынның жалу желілерінің жалпы ұзындығы 232 шақырымды құрайды. Тозығы жеткен жерлері көп. Биылғы жылы олардың 15,3 шақырымын қалпына келтіру қарастырылса, 10,8 шақырымы күрделі жөндеуден өтеді деп атап көрсетті министрмен әңгіме барасында облыстық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының жетекшісі Антон Федяев. Қазіргі күні жұмыстың жоспары дайындалып, бекітілген.

Кәсіпорынның биылғы жылға арналған инвестициялық бағдарламасында ауқымды істер атқару міндеті тұр. Ең бастысы жылу желілерін дамыту және оны жаңғыртуға бағытталған. Жобаны жүзеге асыру үшін қарастырылған сома 2 миллиард теңгеге жуық.

 

Самат Есмағи