Қоғам

Қылмыстық-атқару саласында қыз-келіншектер ер-азаматтармен қатар еңбек етуде

 

 

ІІД айдауыл бөлімінің полицейлері қылмыскерді сот процестеріне тасымалдайды. Олардың қашып кетпеулерін бақылайды. Заңды аттап өткен тұлғаларға сенім жоқ. Сондықтан бұл қызметтегілер үнемі оқыс оқиғаға даяр болулары керек. Осындай аса жауапты жұмысты атқарып жүрген ер адамдардың арасында нәзік жандылар да бар. Сәуле Молдашева мен Наталья Жаданның осы қызметке кіріскендеріне 1 жыл толған. Айтуларынша, қанша қандықол аюанды көрсе де бойларын үрей билеп, бір іркілмепті.

Наталья мен Сәуле үнемі жеке бастың қауіпсіздігін ұмытқан емес. Әр аптаның сенбісінде ату, дене тәрбиесі және жекпе-жек сынды жауынгерлік даярлықтан сынақтар тапсырып тұрады. Мұның бәрі әйел адамды қажытуы мүмкін. Алайда Наталья Жадан бұл пікірмен келіспейді. Керісінше, нәзік жандылар өз армандарына жету жолында аянып қалмауы тиіс дейді. Осылайша ол алған бетінен қайтпай, мектеп бітірісімен ойланбастан заң бағытын таңдап, ЖОО-на түсіп, биыл магистрлік диссертацияны сәтті қорғап шықты. Енді өзін бағалап жұмысына түсіністікпен қарайтын жар тауып, бала сүйгісі келеді.

 

Наталья Жадан, СҚО ІІД жеке айдауыл қызметі бөлімінің полицейі:

-Мұндағы жұмысым өзіме ұнайды. Әр аптаның сенбісінде жауынгерлік қалпымызды сақтау үшін дене шынықтыру, жекпе-жек, макаров тапаншасымен ату сынды оқу-жаттығу жиынына қатысып тұрамыз. Бұл орта мені әр ұсақ-түйеке мұқият болуға үйретті. Өйткені, біз әр түрлі қылмыскерлердің қасында жүреміз.

 

Нәзік жандармен иық тірестіріп жұмыс істейтін ерлер кейде аса жауапты жұмыстарды өз мойындарына алады екен.

 

Ерлан Жакенов, СҚО ІІД жеке айдауыл қызмет бөлімінің командирі:

-Бұл әйелдерді өжет деп айтуға болады. Біріншіден олар қылмыскерлердің қасында жүреді. Олардың психологиясын жақсы білуі керек. Қандай шалыс қадам жасап, не айтатынын алдын ала сезгені жөн. Осындайда олардың ата-аналары мен жұбайына оңай емес жұмысына түсіністікпен қарағанына рақмет. Отбасында айрандай ұйыған береке болсын.

 

Ал, тергеу изоляторында 18 жыл бойы аға бақылаушы қызметін атақарып жүрген Бахыт Мақатованың жұмысы тіпті ауыр. Ол сотталушыға әкелінген сәлемдемелерді тексеріп шығады. Көп жылғы жұмысында бірнеше экстремалдық жағдайларды басынан өткізген. Сондықтан болар ол сотталған және айыпталушылармен жұмыс істегенде асқан қырағылықпен дұрыс әрі жылдам шешім қабылдайды. Рұқсат етілмеген заттарды бөгде адамдар изолятордың ішіне енгізбеуін жіті назарында ұстайды. 10 және 15 жыл мінсіз қызметі үшін бірнеше рет грамота, медальдармен марапатталған.

 

Бахыт Мақатова, ЕС-164/1 РММ мекемесінің аға бақылаушысы:

-Бірде бейнежазба камерасын жасырын өткізбек болған жерінде адвокатты ұстадым. Ол оны тергеу изоляторында жазасын өтеп жатқан қорғалушысына бермек болған. Жақында бір сотталушы денесіне жарақаттар салып, өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Оны сол жерінде әрең тоқтаттым.

 

Жұмысында қатал полицей – үйінде сүйікті ана. Алтын асықтай бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр.

Бұдан бөлек өжет әйел осында қарауылшының да міндетін атқарады. Қазір ол оқ-дәрі, қару-жарағын сайлап, мұнара басына шығуға дайындалып жатыр.

 

Берік Қасен