Өнеркәсіп

“Изолит” ЖШС еңбеккерлерінің 95 пайызы қыз-келіншектер

«Изолит» зауытын нәзік жандардың кәсіпорны деуге толық мүмкіндік бар. Себебі ондағы еңбеккерлердің 95 пайызын қыз-келіншектер құрайды. Электр оқшаулағыш материалдарын шығарудағы бар ауыртпалықтарды олар 70 жыл бойынша мойымастан көтеріп келеді. Мәселен, мына станокта желімдеушілер тұрады. Олардың міндеті қағазға лак жағып, оны арнайы кептіру құрылғылары орналасқан пешке жөнелтеді. Артынша дайын пластиналарға толықтай бір бригада шыңылтыр слюда жапсыруға кіріседі. Оған қолдың ептілігі қажет дейді цех бригадирі Вера Соло. Нәзік жандының кәсіпорында қызмет істегеніне 33 жыл болған.

 

Вера Соло, “Изолит” ЖШС №1 цехының бригадирі:

-Қазір қыздарымыз ГФК ДТ 20-025 оқшаулағыш материалын әзірлеуде. Ол жұмыс шапшаңдық пен қолдың ептілігін талап етеді. Ерлерге қарағанда ондай икемділік әйел адамдарда жақсы дамыған. Сондықтан олар зауытымыздың негізгі қозғаушы күшіне айналды. Ұжымымыздағы барша қыз-келіншектерді келе жатқан 8 наурыз мерекесімен құттықтаймын. Кәсіпорнымыздың өсіп-өркендеу жолындағы еңбектеріңіз жана-берсін дегім келеді.

 

Мына цехта өнімнің сапасы тексеріледі, яғни дайын пластинада шыңылтыр слюда жабыстырылмай қалған жердің бар-жоғы анықталады. Ол жұмыс та нәзік жандардың мойнында. Шыңылтыр материалдар бірнеше қабат. Оны бір-бірінен ажырату, олардың әрқайсысын арнайы пішім бойынша қию шыдамдылықты талап етеді. Бір ауысымда мына жұмысшылардың әрқайсысы шамамен 1,5 келіге дейін дайын өнім шығарады екен. Қыз-келіншектердің міндетті орындамаған күндері болмапты. Ұжымдық жұмыс ауызбіршіліктің арқасында жүзеге асырылады дейді олар.

 

Ирина Франк,“Изолит” ЖШС сұрыптаушысы:

-Менің кәсіпорында еңбек еткеніме 4 жылға жуық. Ұжымым өзіме ұнайды. Бір-бірімізбен тек әпкелі-сіңлілі, құрбы болып кеттік. Барша әріптестерімді 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін.

 

Кәсіпорынның 95 пайызын нәзік жандар құрғанымен, ауыр жұмыстарда олар ер-азаматтардың көмегіне жүгінеді.

 

Валерий Камынин,“Изолит” ЖШС слесары:

-Тоң болып қатқан шыңылтыр слюданы жұқартып беремін. Артынша олар білікті мамандардың қолынан өтіп, дайын материалға айналады. Оның бәрі нәзік жандардың еңбегі. Қыз-келіншектерді 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын, жадыраған жүздерінен күлкі кетпесін. Әрдайым сыйлы да сымбатты болып қала беріңіздер.

 

«Изолит» серіктестігінің цехтарында электр оқшаулағыш материалдың 10-нан астам түрі әзірленеді. Олардың тең жартысын лакоткань құраса, қалғаны миканит. Өнімдері еліміз ғана емес, Ресей мен Украинаның іргелі кәсіпорындарында сұранысқа ие. Тапсырысты орындау қыз-келіншектердің мойнында. 70 жылдан астам тарихы бар зауытта ол жағынан ешқашан кемшілік болған емес.

 

Самат Есмағи