Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірлік даму министрінің қатысуымен жер туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды

 

Петропавлда өңірлік даму министрі Болат Жәмішевтің қатысуымен өткен көшпелі кеңеске селекторлық желіде еліміздің барлық облыстары қосылды. Себебі жерді пайдалануды реттеу мәселесі жалпыға ортақ деп атап көрсетті жиынды ашқан министр.

 

Болат Жәмішев, ҚР өңірлік даму министрі:

-Жер қатынастары төңірегінде шешімін күткен мәселелер көп. Оның тиімділігін арттырып, дұрыс пайдаланудың механизмн құруымыз қажет. Әсіресе ол агроөнеркәсіп саласындағы жер телімдеріне қатысты. Бұл ретте сіздердің пікірлеріңізге де құлақ асуымыз қажет. Бүгінгі жиынның мақсаты осы.

 

Жерді тиімді пайдалану және жер қатынастары саласында проблемалар жетерлік. Оған осыған дейін көз жұмып келген үкімет ендігі жерде олқылықтарға жол бермейміз деп белді бекем буды. Бұл үшін бірінші кезекте аталмыш салаға қатысты қолданыстағы заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі керек. Бұл ретте өңірлік даму министрлігі келісіп пішкен тон келте болмайды деген қағиданы ұстаныпты.

 

Қайырбек Өскенбаев, ҚР өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары:

-Қолданыстағы заң жобасына 6 пункт енгізіп отырмыз. Онда бірінші кезекте жер телімдеріне қатысты реестр құрып, артынша олардың иелерін тексеретін боламыз. Кім де кімнің жерді мақсатсыз пайдаланғаны, немесе иесіз қалдырғандығы анықталса, онда ол жер заң арқылы мемлекет меншігіне өткізіліп, ал оның қожайынана бұдан кейін жер бөлмеу туралы шешім шығарылатын болады.

 

Облысымыздағы жер көлемі 9 миллион 804 мың гектарды құрайды. Оның 75 пайызы ауылшаруашылығына тиесілі. Алайда оларды пайдалануда кемшіліктер де жоқ емес. Ол жер телімдерін түгендеу барысында анықталды деп атап көрсетті өз хабарламасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров.

 

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

-Соңғы екі жылда 8 ауданның жер телімдерін түгендеп шықтық. Онда 170 мың гектар жер бос жатқандығы анықталды. Оларды 2012 жылы ауылшаруашылығы мақсатына жаратсақ, былтырғы жылы ол тағы 75 мың гектармен толықты. Өткен жылы сондай-ақ жер телімдерін жалға алушыларды да тексеріп олармен жасасқан 123 келісім-шартты бұзып 122 мың гектар жерді мемлекет меншігіне өткіздік. Жерді түгендеу жұмыстарын осы жылы қалған 5 ауданда жүргізетін боламыз.

 

Жерді тиімді пайдалану және жер қатынастарын реттеу саласындағы мәселелер тек біздің өңіріміз ғана емес, өзге облыстарға да тән. Оны кеңес барысында сөз алған көршілес Қостанай мен Ақмола облыстары әкімдерінің орынбасарлары да тізбектеп берді. Олар заң жобасын жетілдіру қажет дейді. Жер телімдері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі тиіс.

 

Болат Жәмішев, ҚР өңірлік даму министрі:

-Инвентаризация барысында 2011-2013 жылдары еліміз бойынша игерілмей жатқан 7,2 миллион гектар жер бар екендігі анықталды. Бәрінің де иелері бар. Олқылықтарға жол бермеу тұрғысында салық мөлшерін өсірдік. Оны жергілікті басшылықтар 10 есеге дейін арттыруға құқылы. Осыны жер телімі қожайындарына ескертіңіздер.

 

Жер телімін меншіктеп алдың ба, оны заң талаптарына сай пайдалануың керек. Егістік алқабында астық пен көкөніс өсірілуі қажет, жайылым болса, онда төрт түлікті өргіз. Сонда ғана одан өзіңе де, өзгеге де пайда бар. Оны жерден напақасын айырып отырған адам ғана жақсы түсінеді.

 

Сергей Звольский, “Астық STEM” ЖШС директоры:

-Израильде болдым, ондағы жер құмды. Соған қарамастан олар 1 гектар жерден 120 тоннаға дейін сәбіз алуда. Жердің жеткіліксіздігінен құлпынайды 4 қабат қылып өсіріп отыр. Ал бізде жер игерілмей иесіз жатыр. Мәселен, өз шаруашылығымда 120 гектар алқапты суармалы етіп, онда картоп өсіріп келемін. Әр гектардан 50 тоннадан астам өнім шығады. Шетелдің озық технологияларын енгізуіміз керек сонда мол пайдаға кенелуге болады.

Кеңес отырысына селекторлық жүйеде қосылған өзге облыс өкілдері де министрге көкейлеріндегі сауалдарын жолдады. Болат Жәмішев олардың біріне нақты жауап қайырса, енді бірінің сұрақтарын министрліктің отырысында талқылауға уәде етті. Жиынды қорытындылаған министр ортаға салынған ұсыныстар мен талап-тілектер заң жобасына енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларда ескерілетін болады деді. Өңірлік даму министрінің ендігі көшпелі отырысы наурыздың 20-да Шымкентте өтпек. Онда да осы тақырып талқыға салынады.

 

Самат Есмағи