Қоғам

Өңірдің энергетика саласында талай қыз-келіншек еңбек етіп жүр

Бүгінде Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы 160 мыңға жуық қала абонентін үздіксіз тоқ көзімен қамтамасыз етіп отыр. Мынау орталық диспетчер аталмыш мекеменің жүрегі десек те болады. Оған тұтынушылардан әрбір 15 секунд сайын қоңыраулар түсіп жатады. Тұтынушылардың талап-арызын тәулігіне 12 сағат ауысыммен жұмыс істейтін 5 оператор қабылдап, диспетчерлік қызметтің инженері Наталья Федоренкоға жеткізеді. Ал, ол жұмыс бригадаларын техникалық ақау орын алған жерге бағыттап отырады екен. Осылайша жоғары біліктілігі мен мол тәжірибесінің арқасында бұрындары ерлерге ғана сеніп тапсырылатын жұмысты бір өзі атқарып жүр.

 

Наталья Федоренко, “Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы” АҚ жедел диcпетчерлік қызметтің инженері:

-Инженер ретінде мен анықтамалық байланыс қызметттері мен қаланың кей аудандарында тұратын тұрғындарға тоқ көзінен ажыратылатынын уақытылы жеткізіп тұрамын. Алайда, ақау шыққан жерге жұмыс бригадалары жеткенше кейбіреуі тағатсызданып операторлардың жұмысына кедергі келтіріп жатады.

 

Наталья Федоренко сол сәтте сабыр түбі – сары алтын дегендей бойындағы ашуын ұстамдылық пен сабырлыққа жеңдіріп, тұтынушылардың сұрақтарына әрдайым тұшымды жауап қайтарады екен. Ал, Зинаида Горбовскаяның жұмысы тыныш, жүйкені жұқартпайды. Ол трансформаторлардағы ақауды байқап, үзілген сымдарды ауыстырып, паяльникпен өзі жалғайды екен. Кейде ер адамдардың көмегінсіз болмайды дейді.

 

Зинаида Горбовская, “Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы ” АҚ электромонтеры:

-Трансформаторды көтерерде, гайкаларын мықтап бұрау мен үшін әрине ауырлау. Ол жағдайда мен ер адамдардың көмегіне жүгінемін. Мені бұл жұмысқа қайын енем әкелді. Содан бері қарап тұрсам 29 жыл өтіпті. Қазір осы жерде өткен күндеріме еш өкінбеймін.

 

Зинаида Горбовская жақында еңбек демалысына шығыпты. Бірақ еңбектен қол үзген емес. Сондықтан ол күш-қуатым жеткенше электромонтер болып осы салаға тамшыдай болса да үлесімді қоса беремін дейді.

 

Берік Қасен