Билік

Облыс әкімі Самат Ескендіров кәсіпкер әйелдерді 8 Наурыз мерекесімен құттықтады

Бұл жолы ерекше түрде ұйымдастырылған кездесуге шақырылған нәзік жанды кәсіпкерлердің саны 25 адам. Олардың әрқайсысы Елбасының шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасының орындалуына тамшыдай болсын үлестерін қосып жүр. Солардың бірі – Қайыржан Қазбекова. Жеке кәсіпкерлікпен айналысуды 1994 жылы бастаған. Бүгінде ісі өрге домалап, өңіріміздегі алдыңғы қатарлы кәсіпкерлер санатына еніп отыр.

 

Қайыржан Қазбекова, жеке кәсіпкер, Тайынша ауданы:

– Алғашында қаржылық қиындықтар көрдік. Ол тұста банктерден несиені 30 пайыздық үстемеақымен алдық. Бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан айтарлықтай көмек көрсетілуде. Солардың бірі ақшалай қолдау, қазіргі күні өз ісіңді ашуға несие қажет болса оны арнайы бағдарламалар арқылы 5-6 пайыздық жеңілдікпен алу мүмкіндігі туып отыр. Жастарға бизнеспен айналысуға қорықпаңыздар дегім келеді.

 

Өңіріміздегі жеке кәсіпкерлік саласындағы әйел азаматшалардың алар үлесі 80 пайыз. Шағын және орта бизнес субектілерінің барлығын осы жандар ашқан, оған басшылық ететіндер де өздері.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Ұлт көшбасшысы отандық шағын және орта бизнесті дамыту керектігін міндеттеген болатын атқарушы билік өкілдеріне. Ол тапсырма бірінші кезекте нәзік жандар тарапынан қолдау тапты деп айтуға толық мүмкіндік бар. Оны өңіріміздегі аталмыш саланың дамуынан да айқын аңғарамыз. Әр игі іс өздеріңізден басталады. Сіздерді 8 Наурыз – халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, істеріңізге сәттілік тілеймін.

 

Облыс әкімімен дастарқан басында өткен емен-жарқын әңгіме барысында нәзік жандар өткендеріне көз жүгіртіп, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Әрқайсысы жеке істерін түрлі жағдайлармен бастапты.

Кездесу соңында өңір басшысы нәзік жандарды сегізінші наурыз мерекелерімен тағы бір мәрте құттықтап, олардың әрқайсысына сыйлық тартып, естелік суретке түсті.

 

Самат Есмағи