Билік

Үкімет отырысында “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды

 

Осыдан 4 жыл бұрын ұлт көшбасшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бүгінде өз нәтижесін беруде. Еліміз бойынша бағдарлама шапағатын көрген кәсіпкерлер саны 8 мыңға жуықтаса, шағын және орта бизнес саласында ашылған жаңа жұмыс орындары 250 мыңға жуық. Одан ел қазынасына түскен салық мөлшері 51,8 миллиард теңгені құрайды. Индустриаландыру картасына енген әр төртінші жоба аталмыш бағдарлама арқылы қаржыландырылуда. Оған бағытталғаны 817 милллиард теңгенің үстінде. Осы аралықта кәсіпкерлер өндірген өнім көлемі 728 миллиард теңгені құраған. Бұл сандардың бәрі өңірлік даму министрінің баяндамасында көрініс тапты. Аталмыш жұмыстарды одан әрі дамыту үшін осы жылы ел қазынасынан 40 миллиардқа жуық қаржы бағытталмақ. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарламаның аясын кеңейтуде “Даму” қорының атқарып жатқан жұмысы да сараланды кеңес отырысында. Олар өткен жыл шағын және орта бизгнес субектілерінен түскен 103 құжатты кері қайтарса, 3,5 мыңға жуық жоба қолдау тапқан. Жиынды қорытындылаған Премьер-Министр бағдарламаға сұраныс бар екендігін уақыттың өзі дәлелдегеніне тоқталып, оны одан әрі дамытуда бұқарамен жұмыс істеу керектігін тапсырды жауапты басшылар мен облыс әкімдеріне. Селекторлық байланыс үзілісімен күн тәртібінде қаралған мәселе жергілікті жерде жалғасын тапты. Өңірімзде оның орындалу барысы қаншалықты. Ол туралы жиынға қатысушыларды облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының жетекшісі құлағдар етті.

 

Алмас Хасенов, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы:

-Аталмыш бағдарламаны өңірімізде жүзеге асыру тұрғысында ел қазынасынан 3 жылға бағытталған сома 3 миллиард 936,6 миллион теңгені құрады. Осы қолданыстағы шағын және орта бизнес субектілерінің қатары артып, ондағы жұмыс орындарының саны 4 мыңға жуықтады. Олардан облыс бюджетіне түскен салық сомасы 600 миллион теңгенің үстінде.

 

Облыстық үйлестіру кеңесінің мүшелері өткен жылы кәсіпкерлікті дамытуға қатысты 120 өтінішті қанағаттандырған. Оларды қаржыландыруда өңіріміздегі екінші деңгейлі банктердің атқарған жұмыстары қомақты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын қаржыландыруда былтырғы жылы “Центр Кредит Банкі” 14 жобаны қолдаса, «Ресей жинақ банкі» мен «БТА» банкілерінде он-оннан, «Альянс» пен «Нұр банктің» несиелендіргендері 2 жоба. Ауыл-село тұрғындарына қолайлысы “Халық банкі” сондықтан сіздерде бағдарламаға атсалысыңыздар.

 

Мемлекет тарапынан өз ісін дамытамын дегендерге қолдау бар. Алайда өткен жылы Аққайың мен Уәлиханов аудандарынан бұл ретте бірде-бір өтініш түспесе, Есіл ауданының оған құлық танытпағанына екі жыл болыпты. Жиынды қорытындылаған Самат Ескендіров бұл ретте аудан әкімдерімен жұмысты жандандыру керектігіне тоқталып, биылғы жылы ондай олқылықтарға жол берілмеуі керектігін атап көрсетті. Сонымен қатар жауапты басшылар мемлекеттік сатып алуға қатысты тендерлерді де уақтылы жариялауды ұмытпаулары керек.

 

Самат Есмағи