Қоғам

Ісмер Вера Ерахтина әйелдерге арналған ерекше киім үлгілерін жасауда

 

«Шебердің қолы – ортақ» дейді дана халқымыз. Қазіргі таңда қаламыздағы сән үйлерінің біріне жетекшілік ететін Вера Ерахтинаның ойынан шыққан киім үлгілері облыс тұрғындарының ерекше сұранысына ие.

 

Вера Ерахтина, «Verdginia» сән үйінің дизайнері:

-Сүйікті ісіңнің тереңіне бойлаған сайын қызығы да, шыжығы да молая түседі. Бұл кәсіпте ең басты керегі – төзім. Шыдамдылыққа үйретеді. Шығармашылық жұмыс болған соң, әр іске мұқият болғанды қажет етеді. Осы салаға азды – көпті біраз жылымды арнадым.

 

Кәсіпкер Вера Ерахтинаның қарамағында 2 қызметкері бар. Екеуі де он саусағынан өнер тамған ісмер дизайнердің ойындағысын іске асыратын өз істерінің білікті мамандары. Бір-бірін жақсы түсінеді екен.

 

Валентина Сафронова, киім тігу шебері, Астана қаласы:

-Мен өзім Астана қаласында жұмыс жасаймын. Құрбым Вера бір аптаға шақыртқасын, арнайы келдім. Елордада өзімнің ательем бар. Біздің араласып жүргенімізге бірнеше жылдың жүзі болды. Өте қарапайым жан, оның айтқан киім үлгісінің сызбасын жасап, тігіп шығу еш қиындық келтірмейді.

 

Нәзік жанды осыдан бірнеше жыл бұрын жеке кәсібін ашты. Содан бергі уақытта бірталай адамға қызмет көрсетуде. Арасында тұрақты келушілері де бар. Кәсіпкер жанның ендігі арманы – шағын кәсібін кеңейтіп, қазақстандық киім үлгілерін шет елдерге таныту. Дизайнер жақында елімізде өтетін киім үлгілерінің көрсетіліміне өз өнімін ұсынбақшы.

 

Бақыт Сәдуақасов