Қоғам

Полицияның экс-полковнигі 9 айға жүргізуші құқығынан айырылды

Сот отырысына Владимир Зиборовтың өзі келген жоқ. Залда ірі жол-көлік оқиғасының куәгерлері мен жапа-шеккен азаматтар отыр. Владимир Зиборов 2013 жылдың қазан айында Chevrolet Niva көлігін мас күйінде жүргізіп, Toyota және Mitsubishi Pajero машиналарымен соқтығысады. Салдарынан “Нива” оң қатарда тұрған жолаушылар автобусына барып қадалады. Дәл сол автобустың қожайыны да осында. Бірақ, Амангелді Ахметовтің Владимир Зиборовқа тағатын ешқандай міні жоқ.

 

Амангелді Ахметов, автобустың қожайыны:

-Мен оқиға орнына келгенде маған бір ер адам келіп жолығып, өзін Зиборовтың досымын деп таныстырды. Сосын қолыма ақша ұстатты. Мен одан бас тартқан жоқпын. Сол себепті, айыпталушыға ешқандай мін тақпаймын.

 

Не десе де, бүкіл республиканы тәртіп сақшысына жат қылығымен дүрліктірген оқиғаның соңы жұмсақ аяқталған сияқты. Тараптардың талаптары қанағаттандырылып, олардың материалдық шығыны өтелді дейді оқиға куәгерлері. Бірақ сансыз сұрақтар туындайды. Мәселен, апаттың схемасы жоқ. Ешқандай да медициналық сараптама жүргізілмеген. Ғаламтордағы әлеуметтік желіге орналастырылған бейнежазбадан бұрынғы полиция қызметкерінің ішімдікке сылқиып алғаны көрініп тұр.

Тәртіп сақшыларының айтар өз уәжі бар. Олар заң аясында қызметтік құзыретке сай жұмыс істедік дейді.

 

Азат Бапанов, Петропавл қаласы ІІБ тергеу бөлімінің тергеушісі:

-Ол – құрылымның басшысы, сол себепті, оны медициналық сараптамаға жіберу менің қызметтік міндетіме жатпайды. Тек азаматтық тұлғаларға ғана қатысты.

 

Аталған іске қатысты мамандандырылған әкімшілік соттың судьясы шешімін жариялады.

 

Алена Девяткина, Петропавл қаласы мамандандырылған әкімшілік соттың судьясы:

-Владимир Зиборовтың ісін қарау нәтижесі бойынша оны 9 айға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

 

Міне, өткен жылдың аты-шулы оқиғасы осылай аяқталып тынды. Кезінде полицей тәртіп бұзды дегенді естіген жұрт жағаларын ұстап еді.

Сондай-ақ, бұған дейін Владимир Зиборов тәртіптік кеңестің шешімімен Облыстық ІІД Тылды қамсыздандыру басқармасының басшысы қызметінен шеттетілген болатын.

 

Данаш Хамзина