Қоғам

Көпбалалы отбасылар, жалғызбасты әкелер, бала асырап алған ата-аналар бас қосты

Облыс орталығында көпбалалы отбасыларынан бөлек, асыранды балалары мен кәмелетке толмаған ұл-қыздарды тәрбиелеп отырған жалғыз басты әкелер де жетерлік. Барлығы бірдей нарық қысқан мына заманда шалқып-тасып өмір сүріп жатыр деп айту қиын.

 

Елена Мезева, СҚО балалар құқығын қорғау басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы:

-Жиын мақсаты – әлеуметтік әлжуаз топқа жатқызылатын отбасыларына қолдау көрсету. Кездесуге “Отбасы ошағы”, “Мейірімділік әлемі” мен “Әкелер мектебі” клубтарының өкілдерін шақырдық. Олардың бірі көпбалалы болса, екіншілерінің қарамағында асыранды балалары бар.Үшіншілері кәмелеттік жасқа толмағандарды бағып-қағып отырған жалғыз басты әкелер. Олардың әрқайсысында қордаланған мәселелер бар. Проблемаларды қоғам болып шешуіміз керек.

 

Көпбалалы отбасыларына мемлекет тарапынан қолдау жоқ деп айтуға ауыз бармайды. Мәселен, тұрмыс деңгейі төмен көпбалалы жанұяға әр тоқсан сайын әлеуметтік азық-түлік себеті беріледі. Биылғы жылы оның жалпы сомасы 9 700 теңгені құраған. Ол жыртыққа жамау болмасы анық.

 

Галина Сапко, “Қызылжар аналары” көпбалалы аналар қауымдастығының төрайымы:

-Қауымдастығымыздың құрылғанына екі жыл толмақ. Алға қойған мақсатымыз – көпбалалы отбасыларына материалдық тұрғыда қолдау көрсету. Өзіміздің әлеуметтік дүкендеріміз бар. Онда жұрттан киім-кешектер қабылдап, артынша оларды тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларына таратамыз.

 

Әр мемлекеттің басты байлығы –  сол жерді мекендеген халқы. Ал олардың тұрмыс деңгейі мен әлеуметтік жағдайы ел экономикасының негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Ендеше бұл тұрғыдағы мәселелерді қоғам болып шешуіміз керек. Жиын түйіні осы.

 

Самат Есмағи