Ауыл шаруашылығы

Ақ бас қазақ сиыры сұранысқа ие

 

Қазақтың ақ бас сиырының тарихы 1932 жылдан бастау алады екен. Сол жылы Оңтүстік Америкадан әкелінген Герерфорд тұқымдас ірі қара жергілікті қалмақ сиырымен будандастырылған. Нәтижесінде теріскейдің қысына төзімді, еті мәрмәр «Қазақтың ақ бас сиыры» атты жаңа тұқым 1950 жылы ресми тіркеліпті. Тайынша ауданындағы Алабота шаруашылығы осы малды асылдандырумен 82 жылдан бері айналысады. Былтыр 400 бас бұқаны өзге шаруашылықтарға сатып, 20 тоннадан астам ет өндіріпті. Үкімет сыртқа сатылған еттің әр келісіне 125 теңгеден субсидия да береді екен. Ұлттық брендке айналған бұл малдың соңғы кездері шет елден тасылатын сиырлардан артықшылықтары көзге көрініп тұр дейді шаруашылық басшысы.

1992 жылғы санақ бойынша елімізде 1 миллион 160 мың қазақтың ақ бас сиыры болған екен. Бүгіндері асыл тұқымды бұл малдың саны не бары 125 мың ғана. Елімізде ірі қараның осы түрін көбейтумен айналысатын 12 шаруашылық қана қалыпты. Өзгелері 90 жылдардағы тоқырауда ыдырап кеткен. Соңғы кездері малдың саны ғана емес, пайдалы қасиеттері де кеміді деп қынжылады ғалымдар.

Алайда асыл тұқымды бұл жануарға деген сұраныс жылдан жылға артып келеді дейді мамандар. Бүгінгі семинарға еліміздің түкпір-түкпірінен осы малдың жанашырлары ғана емес, артықшылықтарын көріп, бағуға ниет білдіргендер де болды. Солардың бірі – 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасының чемпионы  Жақсылық Үшкемпіров. Атақты спортшы алғашқы мамандығы бойынша зоотехник екен. Үлкен спортпен қош айтысқан соң Алматы облысында шаруашылық құрып, мал бағуды кәсіп етеді.

Семинарға жиналғандар қазақстың ақ бас сиырының өзге де артықшылықтарын айтты. Ұлттық брендтің шетелден әкелінетін ет бағытындағы Ангус, Симменталь сынды сиырлардың еш кемшілігі жоқ. Еті мәрмәр, күніне бір келіден артық салмақ қосады. Керісінше, шетелдік малдан артықшылығы – 80 жыл бойы еліміздің табиғатына үйренген, қысына төзімді, жерсінген. Қазақтың ақ бас сирының тағы бір артықшылығы – оның арзандығы. Сырттан бір бас мал әкелу үшін Үкімет кемінде 4-5 мың АҚШ долларын жұмсайды. Бұл шамаман бір миллион теңге. Ал солардан еш кем емес өз төліміз екі есе арзан тұрады.

Ендеше бұл малдың пайдалы қасиеттерін дамытуды қолға алса, еліміздің ет экспортының әлуетін шетелден мал тасымай-ақ арттыруға болады деп тарасты ғалымдар.