Өнеркәсіп

“ПАМЖЗ” АҚ биыл 6,5 млрд. теңгенің өнімін өндірмекші

Петропавл ауыр машина жасау зауытында бүгінгі күні 1200-ге жуық адам еңбек етсе, олардың 50 пайыздан астамын жастар құрайды. Солардың бірі – Марат Ахметов. Оның аталмыш кәсіпорында жұмыс істегеніне 1 жылдан асқан. Мамандығы – инженер. Ол іске қосылған жаңа желіде әзірленіп жатқан әр бұйымға жауапты.

Осыған дейін еліміздегі жылу-электр орталықтары өздеріне қажетті панельді пештерді Украина мен Белоруссиядан алып келген-тін. Биылдан бастап ол Петропавл ауыр машина жасау зауытында шығарылатын болды. Жоба құны 1 миллиард теңге. Оның 600 миллионын “Қазақстан инжиниринг” ұлттық компаниясы қаржыландырыпты. Осылайша өткен жылдың соңында пеш шығаруға қажетті Германия мен Финляндия қондырғылары Петропавл ауыр машина жасау зауытына жеткізіліп, іске қосылған.

 

Владимир Липинский, “ПАМЖЗ” АҚ техникалық директоры:

-Өткен жылы еліміздегі жылу-энергиялық орталықтардың жұмыстарын саралап, оларға арналған панельді пеш шығаруды қолға алдық. Қазір   сомасы 800 миллион теңгені құрайтын алғашқы тапсырыс орындалуда. Ол Павлодар жылу-электр орталығынан түсті. Қазақстан бойынша аталмыш орталықтардың саны -19.

 

Тапсырысты уақтылы орындау қажет. Сондықтан зауыттағы жұмыс бүгінде екі ауысымға көшіріліпті. Жаңа желінің іске қосылуымен 28 қосымша еңбек орны ашылған. Алдағы уақытта олардың санын 40-қа жеткізу көзделіпті.

 

Серік Есенов, “ПАМЖЗ” АҚ директорының арнайы өнімдер жөніндегі орынбасары:

-2013 жылды табысты аяқтадық. Еңбек қарқынын 110 пайызға арттыра отыра, былтырғы жылы 5,6 миллиард теңгенің өнімін шығардық. Осы жылы ол көрсеткішті 6,4 миллиард теңгеге жеткізуді межеледік. Қазірдің өзінде жылу-электр орталықтарына қажетті пеш пен мұнай-газ саласына қажетті қондырғылар шығару тұрғысында 1,5 миллиард теңгенің келісімін жасастық.

 

Зауыттың түскен тапсырыстарды уақтылы орындауға толық мүмкіндігі бар. Жұмысшы күші мен техникалық жарақтандырулары 100 пайыз. Кәсіпорынға тек өткен жылдың өзінде 40-тан астам заманауи қондырғы сатылып алған. Мамандар ол тек жұмыс қарқынын арттырып қана қоймай уақыт үнемдеуге де тиімді дейді.

 

Самат Есмағи