Қоғам

Қаланы қардан тазалау жұмыстары жүріп жатыр

 

Сенбі күні «Салтанат» бөбекжай-балабақшасының қызметкерлері қолдарына күрек алып, ғимараттың маңайын қардан арылтуға кірісті. Ақпан бойына жауған қар мектепке дейінгі білім беретін мекеменің айналасына нығыздалып қалыпты. Күн күрт жылып, қардың көбесі сөгілсе, маңайды су алып кетуі мүмкін. Сондықтан мұндай шаралар маңызды дейді ұжымдағылар.

 

Айгүл Нәсілова,«Салтанат» бөбекжай- балабақшасының меңгерушісі:

Қаңтар айында 5 машина, ақпанда 22 машина қар шығардық. Бұл жұмыстар әлі жалғаса береді. Кезекпен шығамыз. Сайтқа шығып машинаны бекітеміз. Оларға осынша куб қар шығарамыз деп айтамыз.Содан олар келіп, бізге көмектеседі.

 

Қауырт маусымға дайындықты № 8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешені де жүргізуде. Мұнда қар тиеп, тасуға арнайы көліктер жұмылдырылған. Бұған дейін білім беру ошағы қала сыртына 200 текше метрге жуық қар шығарған. Бүгін де мектеп алаңынан 15 машина ақ ұлпа шығару жоспарланып отыр.

 

Ботагөз Есімова, № 8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешені директорының әкімшілік және шаруашылық істер жөніндегі орынбасары:

– Көктемде су астында қалмас үшін, біз ерте бастан қамданып, қар күреуді қолға алдық. Жалпы, маңайымызды ақ ұлпадан үнемі аршып отырамыз. Ол әрине біріншіден өзіміз үшін жақсы.

 

Сенбілік аясында қаланың бірқатар көшелерінде қар жинау жұмыстары жүргізілді. Бұл күні қалалық тазарту, су бұру және су өткізу құрылымдары кәсіпорнының қызметкерлері суағарларды қоқыс пен қардан аршыды. Ойқала ауданы көктем болса, тасқын судан жапа шегіп жатады. Сондықтан бұл кентте ұйымдастырылған қауырт шаруаға 15 адам жұмылдырылған.

 

Серік Мусин, Петропавл қаласы әкімдігінің «Тазарту, су бұру және су өткізу құрылымдары» МКК экологы:

– Бұл біздің күнара жүргізетін жұмысымыз. Біз негізінен суағараларды тазалаумен айналысамыз. Оларды тексеріп, жарамдылығын байқаймыз. Бүгін міне «Универсал» ЖШС бірігіп, Потанин көшесінде қар жинаумен айналысып жатырмыз. Қазіргі күні инертті материалдарды дайындап, жанар- жағармаймен қамтылдық.

 

Орталық көшелер, әрине, күн сайын қардан арылып жатыр. Ал нақ сол Ойқала ауданындағы кішкене ғана Смирнов көшесінің тұрғындары көктемде су астында қаламыз деп дабыл қағуда. Тау боп үйілген қар 6 ай қыста бір де бір рет тазаланбаған. Сондықтан мұндағылардың көңілі күпті. Ертең күн жылып, қар шеті сөгіле бастағанда тұрғындар баспаналарын су басып кетеді деп қауіптенуде.

 

-Қарды жинаса, біздің үйге су кірмейді. Бір жылдары осындай жағдай орын алған. Қар бір де бір рет жиналмай, біз су астында қалғанбыз. Енді сол қайталанбаса екен дейміз.

Ауладағы қарды өзіміз шығарамыз, бірақ оның өзін қайда төгерімізді білмейміз. Егер көшеге тастасақ, онда қозғалысқа кедергі келтіреміз. Осы көше бойындағы үйлер төмен орналасқан. Сондықтан барлық су бізге қарай ағады.

 

Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, бұл күні көктемгі су тасқынының алдын алу үшін қала бойынша арнайы сенбілік ұйымдастырылған. Оған 200- ге тарта техника мен сонша жұмысшы жұмылдырылыпты. Шаһар басшылығы бұл шаруа қаланың шеткері аудандарында да жүргізіледі деп сендірді.

 

Қайролла Ғалеев, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Біз Бензострой, Ойқала және Жұмысшы кентіндегі жағдайды білеміз. Ең алдымен орталық көшелер тазаланады, содан кейін біртіндеп шеткері орналасқан, шағын аудандарға жетеміз.

 

Жалпы сенбілік қортындысы бойынша 8,5 мың текше метр ақ ұлпа қала сыртына шығарылған. Бұл жұмыстар наурыз айында да жалғасын таппақ.

 

Мағжан Ахмадина