Қоғам

Петропавлдықтар қысты шығарып салды

 

Күнтізбе бойынша көктем басталғанымен, қыс әлі қаһарынан қайтқан жоқ. Қысты шығарып салып, көктемнің шуақты күндерін қарсы алу қалада дәстүрге айналған. Мерекені тойлауға теріскейде тұратын әр түрлі ұлттардың өкілдері жиналған. Бұл біздің татулығымыздың мығым екендігінен хабар берсе керек.

Мына жерде әдеттегідей мектеп мұғалімдері мен этно-мәдени бірлестіктер қаз-қатар тізілген шатырларда дастархан жайды. Қонақжайлық танытып, келушілерге тәтті-дәмдісін тосып, құймақтан ауыз тигізіп, самаурын шайын шын пейілден ұсынды. Ал, алаңның басқа тұсында частушки айтылып жатты.

Көктемнің 2-ші күні шуақты болды. Бұл да халықтың ойын-сауық құрып, түрлі сайыстарды өткізуіне қолайлы жағдай туғызды. Кейбіреуі түйе, аю, иттің кейпіне еніп, бірінші кезекте балаларды қуантты. Енді бірі кімнің мысы мен күші басым дегендей жастардың 4 метрлік ағаш бағанға өрмелеуін тамашалап тұрды. Тек бұл жерде бұрынғы етікті қазіргінің тұрмыстық техникасы алмастырған.

Алаңға жиналғандардың арасында ең үлкені Қасым Мусин. Атамыз бүгінде 70-ті желкелеген қария. Бар ғұмырын ұрпақ тәрбиелеп, білім беру ісіне арнаған ардақты ұстаз. Тілегі – халық жыл сайын қыстан аман-есен шығып, осындай думандар көп болсын дейді.

Бұл жерде тұрғындардың назарына өнер ұжымдары концерттік бағдарлама әзірлеген. Бұл да өз кезегінде келушілердің демалыста бір серпіліп қалуына жақсы жағдай туғызды.

 

Берік Қасен