Денсаулық сақтау

Облыстық балалар ауруханасының техникалық базасы жаңа қондырғылармен толықты

Облыстық балалар ауруханасына жеткізілген 3 бірдей заманауи аппараттың мүмкіндіктері зор. Алғашқысы мультиспиральді компьютерлік томографпен дененің кез-келген мүшесін зерттеуге мүмкіндік бар. Мәселен, ми, кеуде, өкпе, жүрегінде ақауы бар науқастардың дертін аса дәлдікпен анықтауға болады. Тексеруге не бары 1-2 минут қана кетеді. Бұл аппараттың құны 240 млн теңге. Әзірге Германияның “Сиеменс” фирмасының жабдығы облыстық балалар ауруханасында ғана бар.

 

Виталий Туник, облыстық балалар ауруханасының сәулелік диагностика дәрігері:

2013 жылы шығарылған компьютерлік томограф ағымдағы жылдың басында іске қосылды. Заманауи жабдықтың көмегімен тексерістің нәтижесін мына экранда 3д және 4д форматында көруге болады. Және осы құрылғының арқасында жұмысымыз біраз жеңілдеп қалды.

 

Ал, мына ультрадыбыстық диагностикалық кешеннің бұрынғыларға қарағанда мүмкіндіктері мол. Бұл қондырғыда 4 ультрадыбыстық тетік орналасқан. Осы аппараттың көмегімен дәрігерлер күніне 20-30 кішкентай емделушіні қабылдауға қауқарлы. Мұндағы аппаратпен тіпті ми қантамырларындағы ақауларды да анықтауға мүмкіндік бар.

 

Елена Малевинская, облыстық балалар ауруханасының ультрадыбыстық диагностика дәрігері:

– Кореяның былтырғы жылы шығарған ультрадыбыстық диагностикалық кешені педиатрия, неонатология, балалар кардиологиясы, тамыр және дене бұлшық еттерін жоғарғы деңгейде зерттей алады. Және бұл аппараттың басқару жүйесі қиын емес. Кез келген жастағы адамның барлық дене мүшесін тексеруге болады.

 

Ал, РТ 20 рентген кешені ауруды нақты көрсетеді. Және бұл құрылғыны адамның қажетті мүшесін түсіруде ыңғайына қарай бұруға болады.

Бұл жабдықтың құны да әжептәуір. 17 млн 740 мың теңге тұрады. Есесіне сәулелік диагностиканың жоғарғы стандарттарына жауап беретін аппарат аурудың ошағын анықтауда дәрігерлерге таптырмас құрылғы.

Жалпы, облыстық ауруханаға жеткізілген жабдықтың екеуі «Казмедтех» АҚ арқылы лизингке алынса, үшіншісіне дәрігерлер республикалық бюджеттен бөлінген қаражат негізінде қол жеткізген.

 

Олег Завьялов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

– Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық әкімдіктің қолдауымен біз осы аппараттарды алып отырмыз. Дәрігерлер құрылғылармен жұмыс істеу үшін арнайы курстардан өтті. Алдағы уақытта ауруханаға лор комбайнын алуды жоспарлап отырмыз.

 

Бүгінгі күні облыстық балалар ауруханасы 294 орынға шақталған. Кішкентай емделушілерге мұнда 60-тан астам білікті дәрігер медициналық көмек көрсетеді.

 

Бану Ахметова